Вена, 2025 жылғы 26 маусым – Венадағы БҰҰ бөлімшесінде Нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі халықаралық күніне арналған арнайы іс-шара өтіп, оның аясында 2025 жылғы Есірткі жөніндегі дүниежүзілік баяндама таныстырылды.
Талқылау барысында қатысушылар есірткіні тұтынудың әлеуметтік және медициналық салдары, оны өндіру мен заңсыз тасымалдаудың экологиялық зияны, сондай-ақ есірткі трафигі мен ұйымдасқан қылмыстың арасындағы байланыстар туралы жан-жақты пікір алмасты.
Қазақстан делегациясы Есірткі және қылмыс жөніндегі БҰҰ басқармасына (UNODC) баяндамада ұсынылған жан-жақты талдауы үшін алғысын білдіріп, есірткі қаупіне қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Аймақта жаңа психоактивті заттардың таралуы артып келе жатқанын ескере отырып, Қазақстан тарапынан есірткі қылмысына қарсы күрестегі ұлттық тәжірибе ұсынылды.
Өңірлік деңгейде Қазақстан Алматы қаласында орналасқан Орталық Азия аймақтық ақпараттық-үйлестіру орталығының (ЦАРИКЦ) қызметін халықаралық деңгейде қолдауды күшейтуге шақырды.
Сонымен қатар, Қазақстан ел аумағындағы барлық өңірлерде медициналық және әлеуметтік оңалтуға арналған мамандандырылған орталықтар құру бойынша Pledge4Action жаһандық бастамасы шеңберінде өз міндеттемелерін уақытылы орындағаны ерекше атап өтілді.
Соңында Қазақстан делегациясы 2026–2029 жылдар аралығындағы Есірткі құралдары жөніндегі комиссия құрамындағы мүшелігі кезеңінде оның жұмысына белсенді түрде атсалысуға дайын екенін растады.