Эспоо, 2025 жылғы 11 маусым – Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы Финляндияның Іс басындағы төрағалығы ұйымдастырған Климат және қауіпсіздік жөніндегі конференциясына қатысты.
Іс-шараның ашылу сессиясында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрайымы – Финляндияның Сыртқы істер министрі Элина Валтонен, сондай-ақ Финляндияның Климат және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі министрі Сари Мултала және ЕҚЫҰ-ның Экономикалық және қоршаған орта мәселелері жөніндегі үйлестірушісі Елші Бақыт Жүсіпов сөз сөйледі.
З.Сүлейменова өз сөзінде іс-шараға қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау және климат саласындағы ЕҚЫҰ өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудың, тұрақты дамуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге жәрдемдесудің ең маңызды тақырыптарына назар аударуға мүмкіндік беретін бұл Конференцияны ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның Арнайы өкілі Орталық Азияның климаттық өзгерістерге ең осал екенін, яғни өңірдегі температура деңгейі орташа әлемдік деңгейден екі есе жылдам көтерілетініне назар аударды. Бұл тұрғыда өңір мұздықтардың еруі, шөлейттену және су тапшылығы секілді төтенше ауа райы қауіптерінен зардап шегуде.
Осыған байланысты Қазақстанның жаһандық климаттық күн тәртібіне және оның климаттың өзгеруіне алдын алу әрекеттеріне 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің нақты жол картасына назар аударылды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерге еліміздің осы сын-қатермен күресу бойынша нақты іс-әрекеттерді анықтау мақсатында 2026 жылы Қазақстанда климаттық конференцияны өткізу ниеті туралы хабардар етілді.
Конференция аясында Арнайы өкіл Зүлфия Сүлейменова Финляндияның Климат пен қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі министрі Сари Мулталамен, ЕҚЫҰ Іс басындағы төрайымының Арнайы өкілі Тери Хакаламен, ЕҚЫҰ Іс басындағы төрайымының климат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі Керстин Стендалмен және Финляндия Парламентінің депутаты Вилле Скиннаримен екіжақты кездесулер өткізді.