
Ү.ж. 5 маусымда Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы Елшілігінің бастамасымен Елші Т.Пірімбетовтің Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префектісі кардинал Дж.Кувакадпен кездесуі өтті.
Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Апостолдық нунций архиепископ Дж.Панамтундил және Дикастерияның бөлім басшысы Л.Баcанезе қатысты.
Әңгіме барысында тараптар 2026 жылғы қазанда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығы аясында жоспарланған іс-шараларға, сондай-ақ Конфессияаралық және дінаралық диалог жөніндегі халықаралық орталық ұйымдастыратын Қазақстан-Ватикан коллоквиумына Қасиетті Тақ делегациясының қатысу мәселелерін талқылады.
Тараптар Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы дінаралық және мәдениетаралық диалог саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың, сондай-ақ бітімгерлік күн тәртібін ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстандық дипломат Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің рухани көшбасшылар диалогын дамытудағы ерекше рөлін атап өтіп, қазақстандық тараптың Астанада өтетін алдағы іс-шараларға дайындық шеңберінде Қасиетті Тақпен тығыз өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін растады.
Кездесу нәтижесі бойынша тараптар мазмұндық және ұйымдастырушылық мәселелер бойынша қоян-қолтық жұмысты жалғастыруға уағдаласты.