
2026 жылғы 8 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аса қасиетті Рим Папасы Лев XIV-ні оның понтификатының бірінші жылдығына орай құттықтау жеделхатын жолдады.
Өз жолдауында Мемлекет басшысы Понтификтің бейбітшілік, диалог және өзара құрмет идеяларын ілгерілетуге бағытталған дәйекті үндеулерінің маңызын атап өтіп, олардың адам қадір-қасиетін нығайту, конфессияаралық келісімді ілгерілету және халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдету ісіндегі ерекше мәніне тоқталды.
Қазақстан Президенті Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы көпжылдық достық байланыстар мен тығыз ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Папа Лев XIV-ге зор денсаулық, бақ-береке және игі миссиясын жүзеге асыру жолында сарқылмас күш-қуат тіледі.