
2026 жылғы 31 наурызда Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы Елшілігінде Қазқстан Елшісі Тимур Пірімбетовтің Ватиканның Bambino Gesù педиатриялық госпиталінің президенті Тициано Онестимен кездесуі өтті.
Сұхбат барысында тараптар Bambino Gesù ауруханасының Қазақстанның «University Medical Center» корпоративтік қорымен балалар медицинасы саласындағы ынтымақтастығы мәселелерін талқылады. Атап айтқанда балалар эпилепсиясы, сондай-ақ неврологиялық және орфандық ауруларды диагностикалау мен емдеу салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Тараптар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі аясындағы алдағы ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасып, аталған халықаралық алаңның гуманитарлық диалогты, конфессияаралық өзара түсіністікті және балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауға бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілетудегі маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік танытатынын растады және өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын қарастырды.