
2026 жылғы 6 ақпанда Қазақстанның Қасиетті Тақ жанындағы Елшілігінде Елші Тимур Пірімбетовтің Қасиетті Тақ жанындағы Кипр Республикасының Елшісі, дипломатиялық корпустың дуайені Георгиос Пулидиспен кездесуі өтті.
Достық және ашық атмосферада өткен кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Ватиканмен өзара әрекеттестік, сондай-ақ дипломатиялық корпус шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Қазақстан Елшісі әріптесін елдегі қазіргі ішкі саяси үдерістердің негізгі бағыттарымен таныстырып, Қазақстан Республикасының конституциялық сипаттағы жүйелі өзгерістермен байланысты жаңа саяси даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Жүргізіліп отырған конституциялық реформаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси жаңғырту бағытының дәйекті жалғасы екені және оның бүкіл халықтың мүддесі үшін мемлекет пен қоғамның жан-жақты әрі орнықты дамуына бағытталғаны баса аталды.
Т.Пірімбетов сондай-ақ Қазақстанның бейбітшілікті нығайтуға және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық бастамалары туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде, Елші Пулидис Қазақстан мен оның лидерінің халықаралық аренада бейбітшілік күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетудегі рөлін жоғары бағалап, Мемлекет басшысының басшылығымен елде жүргізіліп отырған реформалардың табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді.
Кездесу барысында дінаралық өзара әрекеттестік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жаһандық деңгейде дінаралық және конфессияаралық диалогты дамытуға ықпал ететін негізгі халықаралық тетіктердің бірі ретіндегі маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар достық және жұмыс байланыстарды одан әрі сақтауға өзара мүдделілік танытты.