
2025 жылғы 22 қазанда Ватиканда Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы Елшісі Тимур Примбетов Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының Префектісі кардинал Джордж Джейкоб Кувакадпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасты.
Биыл Қазақстанның ғылыми мекемелерінің Апостол Архиві және Кітапханасымен байланысы айтарлықтай жанданып, балалар денсаулығын қорғау саласындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін берілгені атап өтілді.
Кардинал Дж. Кувакад Қазақстанның бейбітшілік ісіне адалдығын жоғары бағалап, ел басшылығының дінаралық және конфессияаралық диалогты ілгерілетуге бағытталған күш-жігері бүкіл әлем үшін зор маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің атқарып отырған бірегей рөлі ерекше аталып өтілді.
Осы тұрғыда тараптар 2025 жылдың соңына дейін Ватиканда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығы мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының қатысуымен Дөңгелек үстел ұйымдастыру және өткізу мүмкіндігін талқылады. Бұл іс-шара практикалық ынтымақтастықты тереңдету мен нығайтуға арналған маңызды алаң болмақ.
Кездесу соңында тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың барлық бағыты бойынша тұрақты байланыстар мен пікір алмасуды жалғастыруға уағдаласты.