2025 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан астанасында «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі өз жұмысын бастады.
Съездің пленарлық отырысын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде ашты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жаһандық тұрақтылықты, өзара құрмет пен сенімді, бейбітшілікті нығайтудың маңызды құралы ретінде конфессияаралық диалогтың маңыздылығына ерекше тоқталды. Қазақстан Президентінің айтуынша, барлық негізгі діни дәстүрлер бейбітсүйгіш қасиет, әділдік, жақыныңа жанашырлық және мейірімділік секілді жалпы гуманистік құндылықтарды дәріптейді. Қазақстан бұл құндылықтарға адалдығын растайды және зорлық-зомбылықты, экстремизмді және өшпенділікті ақтап алу үшін дінді пайдалануға бағытталған кез келген әрекетті үзілді-кесілді қабылдамайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтудың перспективалық бағыттары жөніндегі көзқарасын ұсынды.
VIII Съезге құттықтау хатын Рим Папасы XIV Лев жолдады.
Қасиетті Әке әртүрлі дәстүрлердің діндарлары бірлесе әрекет еткенде, бұл сенімнің адамдарды бөлуден гөрі біріктіретін қуатты күш екенін көрсететінін атап өтті. Жоғары Понтифик дін көшбасшыларын жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірігіп, бір дауыспен сөйлеуге шақырды. Сондай-ақ ол синергия – бұл бір-бірімен ғана емес, Құдаймен де ынтымақтастық екенін айтып, халықтар мен ұлттар арасындағы өзара тәуелділіктің терең түсінігін білдіретінін атап өтті.
Съезге қатысу үшін Астана қаласына Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының Префектісі кардинал Джордж Джейкоб Кувакад бастаған Қасиетті Тақтың делегациясы келді.
Биылғы Съезд 100-ден астам рухани көшбасшыны, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік құрылымдардың және ғылыми қауымдастықтың өкілдерін, танымал қоғам қайраткерлерін, беделді дінтанушы сарапшыларды біріктірді.
18 қыркүйекте Съезд өз жұмысын жалғастырды. VIII Съезд бағдарламасы аясында секциялық отырыстар мен сараптамалық дөңгелек үстелдер өткізілді. Сонымен қатар, БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп ұйымдастырылған Діни нысандарды қорғауға арналған Арнайы сессия және Жас діни көшбасшылардың II Форумы өтті.
Геосаяси тұрақсыздық пен қақтығыстар, қарулы жанжалдар, климаттың өзгеруі секілді заманауи жаһандық сын-қатерлер аясында Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі өркениетаралық және дінаралық сындарлы диалог үшін бірегей алаңға айналды.