2025 жылғы 3 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым‑Жомарт Тоқаев пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Алматыдағы БҰҰ өңірлік орталығын ашты.
Ашылу салтанаты барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары (ОДМ) жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге салтанатты жағдайда қол қойды.
Қазақстан Президенті орталықтың Алматыда ашылуын Орталық Азияның жаһандық күн тәртібіндегі өскелең рөліне бағытталған зор белгі деп атады. «Өңірлік орталықты құру өңір елдерінің көршіге адалдық және ортақ даму қағидаттарына берік бейімділігін көрсетеді», – деді Қасым‑Жомарт Тоқаев.
Осымен бірге, Қазақстан басшысы геосаяси тұрақсыздық, қақтығыстар мен климат мәселелері күшейіп жатқан жағдайда БҰҰ халықаралық тәртіпті қолдауда негізгі институт болып қала беретінін айтты. Қ.Тоқаев бұл жаңа орталық экономикалық тұрақтылыққа, инновациялық тәсілдерге және өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді деп сенім білдірді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш орталықтың ашылуын ОДМ‑ге қол жеткізу жолында өңірдің жаңа және маңызды тарауы деп атады. Ол орталықтың ашылуы Қазақстан Президентінің табандылығы мен жаһандық жүйедегі Орталық Азияның жаңа рөлін қалыптастырудағы оның көреген саясатының нәтижесі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанның көліктік инфрақұрылымын дамытып, оны Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы халықаралық сауданың, логистика мен телекоммуникацияның маңызды хабына айналғанын жеткізді.
Орталықтың салтанатты ашылуы Орталық Азия мен көршілес елдер, соның ішінде Ауғанстан үшін барынша тұрақтылыққа, өркендеуге және баршаға ортақ болашақ құруға бағытталған маңызды қадамын білдіреді.