2025 жылғы 28 шілдеде Қазақстанның Қасиетті Тақ жанындағы Елшісі Тимур Пірімбетов Дінаралық диалог жөніндегі дикастерияның префекті кардинал Джордж Кувакадпен және Ватиканның ислам мәселелері жөніндегі орталығының басшысы профессор Лоран Басанеземен кездесті.
Кардинал Дж.Кувакад пен Л.Басанезе Ватикан атынан ағымдағы жылы қыркүйек айында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII-ші Съезіне қатысады.
Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыларды Съезге дайындық барысы туралы хабардар етіп, іс-шара бағдарламасының жобасын табыс етті. Т.Пірімбетов алдағы Съезге әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден астам беделді діни лидерлер мен әртүрлі конфессия өкілдерінің қатысуы күтілетінін атап өтті.
Кардинал Дж.Кувакад өз кезегінде, қазіргі таңдағы жаһандық сын-қатерлер, қақтығыстар мен поляризация жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі сияқты платформалардың өмірлік маңызды екенін атап өтті. Ватикан Қазақстанның бұл бастамасын өзара түсіністікке және туындаған мәселелерді шешу жолдарын іздеуге ықпал ететін диалог үшін бірегей мүмкіндік ретінде қарайды.
Кездесу ашықтық пен өзара түсіністік аясында өтті. Тараптар Қазақстан-Ватикан қатынастарының барлық спектірлері бойынша ынтымақтастықты нығайтуға және іс жүзіндегі өзара іс-қимылды кеңейтуге деген табанды ұмтылыстарын растады.