Астана Халықаралық форумы 2025

Астана Халықаралық форумы 2025

2025 жылғы 29 мамырда Қазақстанның елордасында Астана Халықаралық форумы өз жұмысын бастады.

Форумның пленарлық отырысын Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Мемлекет басшысы өз сөзінде Форумның құрметті қонақтары мен қатысушыларына шынайы алғысын білдірді.

Қазақстан Президенті Форум ұйымдастырушыларының жаһандық экономика, өңірлік ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелер бойынша нәтижелі пікір алмасуына үлкен үміт артатынын атап өтті.

Қазақстан Президенті бүгінгі жиын әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отырғанын ерекше көңіл аударып, «Мұны жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты деп сипаттасақ та болады. Алайда бұл тұжырымды тарихшылардың еншісіне қалдырған жөн. Қазір осы жағдайға қалай жауап беретініміз маңызды. Алдымызда таңдау тұр: қандай шешім қабылдаймыз, қандай құндылықтарды қорғаймыз?!», - деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай Қасым-ЖомартТоқаев Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастыратынын атады. Сыртқы саясатта Қазақстан жікке бөлінбей диалогқа келуге, кез келген елдің егемендігін құрметтеуге сүйенеді.

Қазақстан Президенті өз сөзін қорытындылай келе «біз дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Мұнда адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибемен бөлісу және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жаңа іргетасын қалайды. Сондықтан ықпалдастықтың аясын кеңейте беруіміз керек. Қазақстан идеяның кені, араағайындық шешімдердің архитекторы және түрлі өңірлер мен мәдениеттердің серіктесі ретінде осы өзгерістерге үлес қосуға дайын екенін», - деп атап өтті.

Қазақстан Республикасы Президенті сөзнің толық мәтіні https://www.akorda.kz/ru/vystuplenie-prezidenta-kasym-zhomarta-tokaeva-na-plenarnoy-sessii-mezhdunarodnogo-foruma-astana-2944245 сайтында жарияланған.

Астана Халықаралық форумы – қазіргі заманның негізгі сын-қатерлерін талқылайтын және халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолдарын іздейтін ең үлкен алаң болып табылады. Биыл Форум «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» тақырыбында өтуде.

Форум келесі негізгі тақырыптарға арналады: сыртқы саясат және қауіпсіздік, халықаралық даму және тұрақтылық, энергетика және климат, экономика және қаржы.

29 және 30 мамырдағы Форумда 40-тан астам панельдік сессиялар мен мамандандырылған іс-шаралар өтеді, бұл іс-шараларда 100-ден астам спикерлер мен модераторлар сөз сөйлейді.

Форумға қатысу үшін Қазақстанның астанасына 70-тен астам елдің өкілдері, мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың басшылары, белгілі саясаткерлер, көрнекті қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, сарапшылар мен бизнесмендер келді. Форум жұмысын 100-ден астам шетелдік журналистер жариялайтын болады.