ЮНЕСКО бас пәтерінде 13 мемлекеттің қатысуымен Наурыз мейрамына орай дәстүрлі іс-шара өтті

ЮНЕСКО бас пәтерінде 13 мемлекеттің қатысуымен Наурыз мейрамына орай дәстүрлі іс-шара өтті

Париж, 2025 ж. 18 наурызы – ЮНЕСКО бас пәтерінде 13 елдің бастамасымен кезекті рет Наурыз мейрамы атап өтілді. Іс-шараға осы халықаралық ұйымның басшылығы мен қызметкерлері, оған мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары және бұл мейрамды кеңінен атап өтетін диаспоралардың өкілдері қатысты.

ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле өзінің құттықтау сөзінде Наурыздың табиғаттың жаңаруы мен ұзақ қыстан кейін адамдар арасындағы өзара қолдау мен ынтымақ рухын паш ететін халықаралық мереке ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ 2009 жылдан бастап Наурыз Ауғанстан, Әзербайжан, Ирак, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Үндістан, сондай-ақ бұл тізімге былтыр қосылған Моңғолия, сияқты елдерің ортақ мерекесі ретінде Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгенін ерекше атап өтті.

Ресми бөлім соңында әдемі концерт өтті, онда аталған елдердің әртістері өздерінің дәстүрлі әуендері мен халық билерін ұсынды. Қазақстан атынан «Наурыз Думан» әні орындалып, артынан шашу жасалды.

Іс-шара соңында жиналған қауым әртүрлі халықтардың ұлттық тағамдарымен таныса алды. Қазақстанның дастарқанынан да қонақтар наурыз көже мен басқа да дәстүрлі тағамдардан дәм татты.

Наурыз мейрамын ЮНЕСКО-да атап өту елімізде Ұлттық киім күнімен тұспа-тұс келді. Осыған орай Қазақстанның Тұрақты өкілдігі қонақтарды ұлттық киімдерімізбен таныстырып, бұл іс-шара қонақтарының тарапынан шынайы қызығушылық пен құрмет тудырды.

ЮНЕСКО-да өткен әдемі басқосу әртүрлі елдердегі Наурыз мейрамын атап өтудің салт-дәстүрлері мен рәсімдерімен жақынырақ танысу және халықтар арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайту үшін тағы бір тамаша мүмкіндік болды.