Қазақстанның Тұрақты өкілдігі ЭЫДҰ Даму орталығының Басқарушы кеңесінің отырысында сөз сөйледі

Қазақстанның Тұрақты өкілдігі ЭЫДҰ Даму орталығының Басқарушы кеңесінің отырысында сөз сөйледі

Париж, 2024 ж. 10 желтоқсан – Қазақстанның Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі 2024 ж. 9–10 желтоқсанда «Болашақты қаржыландыру: әділ жасыл ауысуға арналған стратегиялар» тақырыбында өткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Даму орталығы Басқарушы кеңесінің отырысына қатысты.

Іс-шараға Парагвайдың Президенті Сантьяго Пенья, Сальвадордың
вице-президенті Ф. Уойа, Перудің Премьер-Министрі Г. Адриансен, Даму орталығының 56 мүше елдерінің министрлері, елшілері және басқа да жоғары лауазымды тұлғалары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Тұрақты өкіл Асқар Абдрахманов өз сөзінде Қазақстан декарбонизация бойынша өршіл мақсаттарды іске асыру және орнықты энергия көздеріне көшуді қамтамасыз ету, атап айтқанда, 2030 жылға қарай 15%-ға және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесіне қол жеткізу бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Бұл ретте осы мақсаттарға жету үшін инфрақұрылым мен технологияларды дамыту ғана емес, экологиялық таза энергетика секторына қомақты инвестицияларды салу қажет болады.

ЭЫДҰ Даму орталығының елеулі тәжірибесі тиісті мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіруде маңызды рөл атқара алады. ЭЫДҰ-дағы әріптестерімен бірлесіп Қазақстан мемлекеттік органдары бұған дейін «Табиғи ресурстарға негізделген даму саласындағы саясат мәселелері жөніндегі диалогы» – оларды орнықты даму үшін тиімді пайдалануға көмектесетін платформасы шеңберінде осы міндеттер бойынша белгілі бір жұмыс жүргізген болатын.

Жалпы алғанда, ЭЫДҰ Даму орталығымен үздік тәжірибелер мен инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ осы мақсатқа жету үшін қаржы ресурстарын тиімді бөлу құралдарын әзірлеу бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға әзірлік атап өтілді.