Асунсьон, 2024 ж. 4 желтоқсан - Парагвай Республикасының астанасы Асунсьон қаласында ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитетінің 19-сессиясында «Беташар» салты Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді.
Аталған сессияда ЮНЕСКО 58 ұмыныс қарастырып, олардың арасында “Беташар” номинациясы да мақұлданды.
Тиісті номинацияны Қазақстан Республикасының Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің сарапшылары дайындаған болатын.
«Беташар – қазақ халқының рухани мұрасындағы ең әсерлі және кең таралған салттарының бірі. Оның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының ажырамас бөлігі ретінде мойындалуы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес дәстүрлерді зерттеу, сақтау және насихаттау бойынша ортақ әрекетімізді одан әрі нығайтуға тамаша мүмкіндік береді», – деп атап өтті осы орайда Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.
Материалдық емес мәдени мұра комитетінің 19-шы сессиясында Қазақстан делегациясының құрамына ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Жанар Шайменова, Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитет төрағасының орынбасары Рустам Музафаров және номинацияға жауапты сарапшы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Жанерке Шайғозова кірді.
«Беташар дәстүрлі үйлену салты” номинациясын ЮНЕСКО-ның қарастыруына ҚР Сыртқы істер министрлігі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен енгізген болатын.
Сонымен қатар, сессия барысында «Наурыз» көпұлттық номинациясына осы мерекені ЮНЕСКО аясында атап өтетін елдер тізіміне 13-шісі ретінде Моңғолия қосылып отыр.
Анықтамалық ақпарат: Осымен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраның репрезентативтік тізіміне Қазақстанның қатысуымен енгізілген элементтер саны 14-ке жетті. Олардың алтауы ұлттық сипатқа ие: «Домбырамен күй орындаудың өнері» (2014), «Қазақ күресі» (2016), «Асық ату” (2017), «Қазақ жылқышыларының көктемгі мерекелік салттары” (2018), «Ортеке» (2022) және “Беташар” (2024). Сегіз элемент бірнеше мемоекеттің ортақ мәдени мұрасына жатады: «Киіз үйді жасау» (2014), «Айтыс” (2015), «Наурыз» және «Қатырма» (2016), «Қорқыт ата мұрасы» (2018), «Тоғызқұмалақ» (2020), «Құсбегілік» (2021) және «Қожанасырдың әзілдерін әңгімелеу» (2022).