Нью-Дели, 2024 ж. 31 шілде – Қазақстан 2024 ж. 21–31 шілде аралығында Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің 46-шы сессиясының аясында оған сайланған 21 мүшесінің қатарында әлемнің табиғи және мәдени мұра нысандарының ахуалына қатысты шешімдерді қабылдауға белсенді қатысты.
Отандық делегацияның құрамына Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Жанар Шайменова, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдік пен Үндістандағы Елшілігіміздің дипломаттары, табиғи және мәдени мұра саласындағы сарапшылар кірді.
Сессияның ашылу салтанатында Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди және ЮНЕСКО Бас директоры Одре Азуле сөз сөйлеп, аса көрнекті табиғи нысандар мен мәдени ескерткіштерді қорғау Дүниежүзілік мұраны қорғау жөніндегі Конвенцияны мақұлдаған 196 мемлекеттің ортақ жауапкершілігі екенін айтты және осы бағыттағы тиісті ұлттық және көпжақты іс-қимылды жаһандық деңгейде үйлестіруге атсалысып жатқандары үшін Комитет мүшелеріне ризашылықтарын жеткізді.
«Қазақстан үшін ЮНЕСКО-ның осы беделді де ықпалды органының жұмысына қатысу үлкен мәртебе болып табылады. Комитеттің алдағы төрт сессиясында отандық сарапшылар бүкіл адамзат үшін маңызды және құнды деп танылған табиғи және мәдени мұраны сақтау жөніндегі ортақ күш-жігерімізге елеулі үлес қосуға дайын», – деді осы орайда делегация басшысы, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.
Сессия барысында Дүниежүзілік мұра тізіміне қосуға 27 жаңа ұсыным қаралды: 5 – табиғи мұра, 2 – аралас сипаттағы мұра, 19 – мәдени мұра санаты бойынша, 1 – төтенше жағдай негізінде. Талқылау қорытындысымен 24 нысан Дүниежүзілік мұра тізіміне кірді. Олардың арасында Палестинаның ұсынысымен Газадағы Әулие Илларион монастірі / Тел Үмм Амер бір мезгілде Дүниежүзілік мұра тізіміне және Қауіп төнген дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілді. Сондай-ақ мемлекеттердің Дүниежүзілік мұра тізіміндеге 124 нысанның сақталуының ахуалы туралы есептері қарастырылды.
Отандық делегация Дүниежүзілік мұра комитетінің 46-шы сессиясының күн тәртібіндегі 12 мәселе бойынша сөз алып, 10 шешімнің тең авторы атанды.
Үндістанда алғаш рет өткен ауқымды іс-шараға 1972 жылғы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұрасын қорғау жөніндегі Үкіметаралық конвенцияға тарап болып табылатын 165 мемлекеттен жиналған 3000-ге жуық делегат қатысты.
Сессия шеңберінде 18–25 шілде аралығында Дүниежүзілік мұра нысандары басқарушыларының форумы өтті, оған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директор Бауыржан Байсалбаев қатысты. Сонымен қатар, Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы жанынан ашылған «Тарихи-мәдени мұраны сақтау» атты ЮНЕСКО кафедрасын дамыту аясында сессия жұмысына сәулет факультетінің студенті Медет Бертай да қатысты.
Дүниежүзілік мұра комитетінің қазіргі құрамына 21 мемлекет кіреді: Аргентина, Бельгия, Болгария, Вьетнам, Грекия, Жапония, Замбия, Италия, Кения, Корея Республикасы, Қазақстан, Қатар, Ливан, Мексика, Руанда, Сент-Винсент және Гренадиналар, Сенегал, Түркия, Украина, Үндістан және Ямайка. Осыған дейін Қазақстан ЮНЕСКО-ның осы беделді органының құрамына 2013–2017 жж. аралығында кірген.
Бүгінде Дүниежүзілік мұра тізіміне Қазақстанның 6 табиғи және мәдени мұра нысандары кіреді: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы петроглифтері, Сарыарқа: Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері, Жібек жолының Чаннан-Тянь-Шань дәлізінің тораптар желісі, Батыс Тянь-Шань және Қоңыржай белдеудегі Тұран шөлдері. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу үшін жаңа ұсынымдарды дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның ішінде Маңғыстау өңірі мұрасының нысандары және Жібек жолының Ферғана – Сырдария дәлізі.
Анықтама ретінде: Қазақстан Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымына (ЮНЕСКО) 1992 жылғы 22 мамырдан бастап мүше. Еліміз ЮНЕСКО-ның 16 халықаралық конвенциясына тарап болып табылады. Қазақстаннан Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра тізіміне 6 нысан, Адамзаттың материалдық емес (жанды) мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне 13 элемент, ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар желісіне 15 нысан, «Әлем жады» деректі мұра тізіліміне 3 ұсыным, бірегей оқиғалар мен қайраткерлердің атаулы мерейтойлар күнтізбесіне 25 ұсынымы енгізілді. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының үйлестіруімен елімізде тақырыптық бағыттар бойынша 9 ұлттық комитет, ЮНЕСКО-ның 5 кафедрасы мен ЮНЕСКО / ЮНИТВИН-нің 1 кафедралар желісі, 31 қауымдастырылған мектеп және ЮНЕСКО-ның 190 клубы жұмыс істейді.