
Париж, 2024 жылғы 10 маусым – Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі Ұйымның штаб-пәтерінде Халықаралық шай күні мерекесіне қатысты.
ЮНЕСКО қауымдастықтары бірлестігі мен Француз-қытай диалогы орталығы ұйымдастырған шарада Әзербайжан, Вьетнам, Жапония, Индонезия, Кения, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Марокко, Моңғолия, Танзания, Түркия, Франция және Шри-Ланка өз елдерінде шайды өндіру және ішудің дәстүрлі әдістерін көрсетті. Іс-шараға қатысушылар шайдың тарихи, мәдени және экономикалық маңызымен таныстырып, материалдық емес мәдени мұраның құрамдас бөлігі ретінде шайға қатысты саналуан дәстүрлерді сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына аса мән берді.
Ұлттық дастарханда елімізде шаймен бірге дәстүрлі түрде берілетін тағамдар ұсынылды. Қонақтарға Қазақстандағы шайға қатысты әдет-ғұрыптар туралы "Қазақстан дипломаттары әйелдерінің қауымдастығы" түсірген бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, «Қазақстандағы шай мәдениеті» атауымен Тұрақты өкілдік дайындаған ақпарат іс-шараға қатысушылардың назарын тартты. Брошюрада еліміздегі шаймен байланысты түрлі деректер туралы қысқаша мағлұмат берілді.
Анықтама: 2019 жылы 19 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы шайдың орнықты өндірісі мен тұтынылуын қолдау және оның аштық пен кедейшілікпен күрестегі маңыздылығы туралы хабардар ету мақсатында 21 мамырды Халықаралық шай күні деп жариялады.