Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы ЮНЕСКО-ның гидрологиялық алаңында таныстырылды

Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы ЮНЕСКО-ның гидрологиялық алаңында таныстырылды

Париж, 2026 жылғы 5 маусым – Қазақстан делегациясы ЮНЕСКО-ның Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасы (ҮГБ) Кеңесінің 27-сессиясына белсенді қатысып, оның аясында ҚР Президентінің Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасын таныстырды.

Отандық делегация құрамына ҚР ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің дипломаттары және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің География және су қауіпсіздігі институтының Геокеңістіктік экономика зертханасының басшысы, ҮГБ жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Әлихан Медеу кірді.

Сессия ашылуында сөз сөйлеген ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед әл-Анани су ресурстары қазіргі заманның тұрақты даму, климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және бейбітшілікті қамтамасыз ету мәселелерімен тікелей байланысты негізгі сын-қатерлерінің бірі екенін атап өтті. Ол су мәселелерінің әртүрлі аспектілері бойынша ғылыми зерттеулер саласындағы барынша мазмұнды халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға шақырды.

Сессия барысында мүше мемлекеттер ҮГБ-ның стратегиялық басымдықтарын іске асыру, 2026 жылғы БҰҰ Су ресурстары жөніндегі конференциясына дайындық, мемлекеттердің су ресурстары саласындағы әлеуетін арттыру және ұлттық әрі трансшекаралық су ресурстарын басқару тетіктерін жетілдіру мәселелерін қарастырды.

Кеңестің пленарлық отырысында сөз сөйлеген Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов гидрологиялық қауымдастықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы хабардар етті. Ол бұл бастаманың жаһандық су басқару жүйесіндегі үйлестіруді күшейтуге, халықаралық міндеттемелерді іске асыру тиімділігін арттыруға және аталған саладағы бытыраңқылықты еңсеруге бағытталғанын атап өтті.

Осыған байланысты отандық дипломат ЮНЕСКО-дағы жиналысқа қатысушыларға 2026 жылғы 23 сәуірде Астанада Өңірлік экологиялық саммит аясында өткен Халықаралық су ұйымын құру мәселелері жөніндегі алғашқы халықаралық консультациялардың нәтижелері туралы ақпарат берді.

Елші А. Абдрахманов гидрологиялық ғылымдар, кадрларды даярлау және халықаралық ынтымақтастық саласында жарты ғасырдан астам тәжірибесі бар ЮНЕСКО-ның Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасы жаһандық су басқаруын жетілдіру мәселелері бойынша сындарлы диалогты ілгерілететін БҰҰ жүйесіндегі беделді үкіметаралық платформалардың бірі екенін атап өтті.

Қазақстанның ҮГБ Кеңесінің 27-сессиясына қатысуы еліміздің су қауіпсіздігі мәселелері бойынша көпжақты ынтымақтастықты дамытуға, су ресурстарын басқаруда ғылыми тәсілді ілгерілетуге және қазіргі заманның су проблемаларын еңсерудің тиімді халықаралық шешімдерін іздестіруге бейілділігін растады.

Анықтама: ЮНЕСКО-ның 1975 жылы құрылған Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасы (ҮГБ) су ресурстарын зерттеу мен басқаруға, сондай-ақ осы саладағы білім беру бағдарламалары мен мамандар мен ұйымдардың әлеуетін нығайтуға арналған халықаралық ғылыми ынтымақтастық платформасы болып табылады. Оның басқарушы органы - төртжылдық мерзімге сайланатын 36 мемлекеттен тұратын ҮГБ Кеңесі.