Наурызнама онкүндігі мен Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы ЮНЕСКО бас пәтерінде таныстырылды

Наурызнама онкүндігі мен Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы ЮНЕСКО бас пәтерінде таныстырылды

Наурызнама онкүндігін атап өту аясында Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі үкіметаралық ұйымның бас пәтерінде еліміздің материалдық емес мәдени мұрасына арналған тақырыптық таныстырылым өткізді. 2026 жылы 18 наурызда Франциядағы Қазақстан Елшілігі жанындағы Абай мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссия басшылары, Хатшылық қызметкерлері, Қазақстанның достары және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Кеш бағдарламасын аша отырып, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі, Елші Асқар Абдрахманов жиналғандарға Наурыз мейрамының табиғаттың жаңаруын, үйлесім мен халықтар бірлігін бейнелейтін әлемдегі ең көне мерекелердің бірі екенін еске салды. Оның айтуынша, биыл Қазақстандағы көктемгі жаңару рухы елдегі ауқымды реформалармен және 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануымен де айшықталды.

Отандық дипломат қатысушыларды Наурызнама онкүндігінің мазмұнымен таныстырып, онда Қазақстан халқының негізгі құндылықтары мен дәстүрлері – төзімділік, бауырмашылдық, өзгелерге қамқоршылық және табиғатқа құрметпен қарау көрініс тапқанын атап өтті. Қонақтардың назарына тақырыптық брошюра мен бейнематериалдар ұсынылды.

А. Абдрахманов материалдық емес мәдени мұраны сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын да ерекше атап өтті. Осы тұрғыда Наурызды мерекелеу дәстүрі ЮНЕСКО-ға мүше 13 мемлекеттің тарапынан бірлесе ұсынылып, Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілгені айтылды. Бұл кең-байтақ өңірдегі халықтар арасындағы мәдени сабақтастықты көрсетеді.

Өз кезегінде 2003 жылғы материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық конвенцияның хатшысы Фумико Охината Қазақстанның адамзаттың мәдени әртүрлілігіне қосатын жарқын үлесін және оның ЮНЕСКО құралдарының жұмысына белсенді қатысуы арқылы көрініс табатынын атап өтті. Ол жиналғандарды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, домбыра үні, киіз үйді жасау дағдылары, дәстүрлі ойындар және басқа да рухани мұралар Қазақстанның әлемдегі танымал символдарының арасында екенін айтты. Сонымен қатар ЮНЕСКО бұл мұраны халықаралық деңгейде тану және қорғау бағытында Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.

Достығымыздың нышаны және көпжылдық ынтымақтастыққа деген ризашылықтың белгісі ретінде, Ұлттық киім күніне орай, жиналғандардың қошеметімен Тұрақты өкіл Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенция хатшысының иығына дәстүрлі қазақ шапанын жапты.

Кеш бағдарламасы қонақтарға Қазақстанның мәдени мұрасының алуантүрлілігін таныстырды. Францияда тұратын суретші Жанель Жұбанова жиналғандардың назарына киіз басудың көне өнерін, одан бұйым жасау үдерісін көрнекі түрде көрсетіп, табиғатпен тығыз байланысты бейнелейтін осы техникадағы өз туындыларын ұсынды.

Осы орайда Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркия бірлесе ұсынған «Дәстүрлі киіз басу өнері» атты көпұлтты номинацияның 2026 ж. желтоқсанда ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу үшін қаралатыны атап өтілді.

Кештің музыкалық бөлігінде Нияз Төребек Құрманғазының «Адай» күйін, ал Гауһар Рүстемқызы «Қарлығаш» әнін орындады. Шыңғыс Қуанбаев қонақтарға осыдан бұрын Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның ортақ мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілген зияткерлік ойын –  тоғызқұмалақты таныстырды.

Ұлттық киім күні аясында қонақтардың ерекше қызығушылығын қазақтың дәстүрлі ерлер мен әйелдер киімдерінің көрсетілімі тудырып, ондағы ою-өрнектердің, материалдардың және мәдени символиканың байлығы түсіндірілді.

Кеш Қазақстанның аспаздық мұрасын танытатын ұлттық тағамдар –  қазақша ет, наурыз көже, дәстүрлі тәттілер мен сүт өнімдерінің дәмін татумен қорытындыланды.

ЮНЕСКО бас пәтерінде өткен Наурызнама онкүндігінің таныстырылымы Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраны сақтау және ілгерілетуге, сондай-ақ халықаралық деңгейде мәдени диалогты нығайтуға деген берік ұстанымының тағы бір айғағы болды.