ЮНЕСКО-да Қазақстанның гендерлік теңдікті ілгерілетудегі тәжірибесі таныстырылды

ЮНЕСКО-да Қазақстанның гендерлік теңдікті ілгерілетудегі тәжірибесі таныстырылды

Париж, 2026 жылғы 9 наурыз – Гендерлік теңдік, адам құқықтары, әділеттілік және жауапкершілік – Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың және жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды қағидаттары.

Бұл Қазақстан делегациясының ЮНЕСКО мүше мемлекеттері мен хатшылығының қатысуымен өткен жоғары деңгейдегі іс-шарада жасаған баяндамасында атап өтілді. Кездесу Халықаралық әйелдер күніне және Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының 70-ші сессиясына арналды.

ЮНЕСКО Бас директоры Халед әл-Анани кездесуде сөз сөйлеп, Ұйымның білім беру, ғылым және мәдени саясат салаларында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігеріне шролу жасады.

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі, Елші Асқар Абдрахманов қатысушыларды гендерлік теңдікті ілгерілету және елдің әлеуметтік, саяси және экономикалық өміріндегі әйелдердің рөлін нығайту саласындағы Қазақстанның кешенді тәжірибесімен таныстырды.

ЮНЕСКО мандаты аясында отандық дипломат цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуын ескере отырып, әйелдердің білім беру, ғылым және инновация салаларына қатысуын кеңейту бойынша қабылданып жатқан шараларға бөлек тоқталды.

Осы орайда Қазақстандағы жоғары оқу орындары студенттерінің 52,5 %-ын қыздар құрайтындығы, шағын және орта кәсіпорындардың 48 %-дан астамы әйелдерге тиесілі екендігі және олардың мемлекеттік қызметтегі үлесі 55,8 % құрайтындығы атап өтілді. Сонымен қатар, елімізде ғылыми және техникалық салалардағы әйелдерді қолдау, цифрлық ортада және сот төрелігі саласында әйелдерге қатысты кемсітушіліктің алдын алу жобалары жүзеге асырылуда.

«Қазақстан ЮНЕСКО-ның гендерлік теңдікке қатысты жаһандық басымдығын толығымен қолдайды. Өз кезегінде, Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Аймақтық орталығы, сондай-ақ ЮНЕСКО Кеңсесінің жобалары осы маңызды саладағы өңірлік диалог пен ынтымақтастық үшін тиімді платформа қызметін атқарады», – деді отандық дипломат.

Сөзінің соңында Тұрақты өкіл Қазақстанның бүкіл әлемде және қоғамдық өмірдің барлық салаларында гендерлік теңсіздікті жою бойынша халықаралық қауымдастықтың бірлескен күш-жігеріне беріктігін тағы да растады.