Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай ЮНЕСКО-да сазгер шығармаларына арналған концерті өтті

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай ЮНЕСКО-да сазгер шығармаларына арналған концерті өтті

Париж, 2025 жылғы 24 қыркүйек – Париждегі ЮНЕСКО бас-пәтерінде қазақтың әйгілі композиторы, дирижері және музыканты Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Ғасыр әуендері: Тілендиевке тағзым» атты мерекелік концерт өтті.

ЮНЕСКО-ның 42-шы Бас конференциясы аталған мерейтойды 2024-2025 жылдарға аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енгізгені оның тек өз халқының ғана емес, барша адамзаттың мәдениетіне қосқан зор үлесінің тануын білдіреді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сахнадан айтқан құттықтау сөзінде атап өткендей іс-шараны Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы осындай өзара түсіністік пен тығыз әріптестіктің айқын көрінісі деп білетінін айтты. Оныі айтуынша, «қазақ музыкасы мен өнерінің ЮНЕСКО аясында лайықты бағалануы – мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе». «Ал бүгінгі концерттің маңызы айрықша. Себебі музыкада шекара болмайтыны белгілі, ол халықтар арасындағы алшақтықты жойып, жүректерді жақындатады. Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары – қазақ халқының рухани әлемін паш етумен қатар, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін биік өнер туындылары», - деді Министр.

Өз кезегінде, ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттоне Рамирес келесіні атап өтті: «Біз бүгін Тілендиевтің мұрасын тек еске алып қана қоймай, оны өздеріміз тыңдап сезінеміз. Бүгінде оның қызы Динара Тілендиева жетекшілік ететін бұл оркестр арқылы Тілендиевтің рухы тірі қалуда. Әрбір әуен – бұл жай ғана орындалу емес, бұл – өткен мен бүгіннің, дәстүр мен жаңашылдықтың, даралық пен әмбебаптықтың үнқатысуы».

«Тілендиев көне үндерді заманауи формалармен шебер ұштастырып, дәстүрге негізделе отырып болашаққа бағытталған бірегей музыкалық тіл қалыптастырды» - деп айтты өз кезегінде Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.

Концертте көпшіліктің назарына композитордың 16 әйгілі туындысы ұсынылды. Орындаушысы – Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі, көркемдік жетекшісі және дирижері – композитордың қызы Динара Тілендиева. Сонымен қатар, ЮНЕСКО сахнасында Қазақстанның танымал өнер қайраткерлері Светлана Айтбаева, Әлішер Каримов, Фархат Кубиев, Гаухар Жұмағұлова, Абай Қойшыбаев, Расул Жармағамбетов, Нұрғалым Аманбай, Аягөз Хайруллина және Жұлдыз Байжұма өнер көрсетті.

Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары қазақ халқының бай мәдени қазынасынан өзінің елеулі орнын тапты. Оның қаламынан 500-ден астам музыкалық шығарма дүниеге келді, 50-ден аса театр қойылымына және шамамен 20 кинофильмге музыка жазды. «Отырар сазы» оркестрін құрғанға дейін ол Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, сондай-ақ Құрманғазы атындағы халық аспаптар академиялық оркестрінің бас дирижері қызметін атқарды.

Іс-шараға ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің елшілері мен дипломаттары, Ұйым хатшылығының басшылығы мен қызметкерлері, Париждің қазақтың музыкасына арнайы қызығушылық танытқан тұрғындары мен қонақтары, Франциядағы отандастарымыз қатысты.

Концертті Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі бірлесіп ұйымдастырды.