Орталық Азия гляциология орталығы мен ЮНЕСКО 2-ші санаттағы институт мәртебесін ұзарту туралы меморандумға қол қойды

Орталық Азия гляциология орталығы мен ЮНЕСКО 2-ші санаттағы институт мәртебесін ұзарту туралы меморандумға қол қойды

Париж, 2025 жылғы 13 маусым – 10-13 маусым аралығында ЮНЕСКО қамқорлығындағы 2-санаттағы Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының (ОАӨГО) директоры Такир Балықбаев Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтеріне жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында Т. Балықбаев пен Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов ЮНЕСКО-ның Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламаның (IHP) 50-жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты. Жоғары деңгейдегі сегмент отырысында ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле, 10 елдің су ресурстары министрлері және БҰҰ өкілдері сөз сөйледі.

Гидрология мен гляциология саласындағы көпжақты ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ОАӨГО қосқан қомақты үлесін тану белгісі ретінде ЮНЕСКО Бас директорының жаратылыстану ғылымдару жөніндегі орынбасары Лидия Артур Брито мен IHP кеңесінің төрағасы мен хатшысы Т. Балықбаевқа естелік медалін табыстады.

Сапардың басты нәтижесі ЮНЕСКО мен ОАӨГО арасында Орталықтың ЮНЕСКО қамқорлығындағы 2-санаттағы институт мәртебесін ұзарту туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылуы болды. Құжат тараптардың мұздықтарға кешенді зерттеулер мен су ресурстарын сапалы басқару саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға дайындығын растайды.

Сапар аясында Қазақстан Тұрақты өкілдігінің қолдауымен ЮНЕСКО Хатшылығында кездесу өтіп, Орталықтың даму болашағы мен Қазақстанның «Water Tower Partnership» («Су мұнаралары әріптестігі») бастамасын жүзеге асырудың перспективалары талқыланды. ЮНЕСКО Орталықтың өзекті халықаралық ғылыми бастамалар мен жобаларға қатысуын белсендетуге қолғабыс етуге дайын екенін білдірді.