ЮНЕСКО-да Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай халық музыкалық аспаптарының көрмесі ашылды

ЮНЕСКО-да Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай халық музыкалық аспаптарының көрмесі ашылды

Париж, 2025 жылғы 13 маусым – Париждегі ЮНЕСКО бас пәтерінде қазақтың көрнекті күйші-композиторы әрі дирижері Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай «Шабыт бастауы: Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы» атты музыкалық аспаптар көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Аталған мерейтой ЮНЕСКО-ның қолдауымен 2024–2025 жылдарға аталып өтетін мерейтойлар тізіміне еніп, бұл оның тек өз халқының ғана емес, барша адамзаттың мәдениетіне қосқан зор үлесінің тануын білдіреді.

Көрме Алматы қаласының Әкімдігі, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі және Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының бірлескен ұйымдастыруымен өткізілуде.

Көрмені “Алматы қаласының музейлер бірлестігі” біліктілікпен қалыптастырды. Негізін Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар музейі мен Н. Тілендиевтің мемориалды музейінің қорларынан алынған 70-ке жуық құнды жәдігер құрды. Олардың арасында «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің негізін қалаған әйгілі сазгердің шығармашылығына шабыт берген көне музыкалық аспаптар да бар.

Бес тақырыптық бөлімнен құралған көрме Н. Тілендиевтің өмірдегі белестерімен қатар оның қазақ музыкасының фольклорлық және академиялық дәстүрлерінің аясында өнердегі бірегей жолына ықпал еткен негізгі құбылыстарды таныстырады.

Көрмеде жеке бөлім ретінде түркі халықтарының музыкалық аспаптары да ұсынылып, бұл олардың ортақ тамырлары мен мәдени дәстүрлерінің байлығын паш етеді.

Көрменің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахмановтың айтуынша,  “Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы – қазақ халқының музыкадағы жан-дүниесінің айнасы іспетті, және бұл көрме қазақ пен түркі дүниесі музыкасының ерекше терең дәстүрін көрсете отырып, оның әйгілі сазгеріміздің баға жетпес мұрасы арқылы да бүгінге дейін өзінің ерекше әдемі де мәнді жалғасын тауып келе жатқанын айғақтайды”, – деп атап өтті.

Өз кезегінде ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Эрнесто Оттоне Рамирес Н. Тілендиевтің музыкасы қазақтың ұлттық болмысының қалыптасуында маңызды рөл атқарғанын алға тартып, оның халқының рухани жадына сүйене отырып, заманының тынысымен де өзінше әдемі ұштастыра білгенін бөлек атап өтті. «Тілендиевтің шығармашылығы барлық мәдениеттерге тән құбылысқа – әртүрлі құрамды элементтердің тоғысуынан туындайтын бірлікке сүйенеді. Әсем әуенді жалғыз нотамен жеткізу мүмкін емес – ол үшін саналуан дыбыстардың үйлесімі керек. Сол секілді, әртүрлі дауыстарды тыңдап, құрметтей білсек, шынайы терең мазмұны бар өміршең дүниелер туады. Ал бұл – ЮНЕСКО мұратының өзегі, яғни бейбітшілік, диалог пен мәдениеттер арасындағы ынтымақтастыққа жол ашу», – деп қорытты ол.

Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова көрменің түркі әлемі үшін маңыздылығын арқау етіп, «Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы дәстүрлі қазақ музыкасының бай мұрасын заманауи формалармен шебер үйлестіріп, түркі және жаһандық мәдени мұраны ерекше байытты», – деді.

Жиналған қауымға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының жылы лебізін жеткізе отырып, Әкімдік өкілі Алтынай Әлімханова көрменің басты мақсаты – халықаралық аудиторияны қазақ және басқа да түркі халықтарының музыкалық мұрасымен таныстыру, сондай-ақ дәстүрлі музыкалық аспаптар арқылы рухани байлығымызды насихаттау екенін атап өтті. «Көрменің сәтті өтуіне барынша тілектеспіз және ол барлық қонақтарына әдемі әсер қалдырады деп үміттенеміз», – деді ол.

Іс-шараның аса толғандырар сәті композитордың қызы – Динара Тілендиеваның жүрекжарды сөзі болды. «Әкемнің есімі ерекше аталып жатқан осы жылы ЮНЕСКО-да болу мен үшін бөлек сәт. Әкемнің музыкасы – қазақтың жанының шынайы айнасы. Ол ұрпақ пен дәстүрді жалғастырып, бойымызды алып рухани азық береді. Осы орайда ЮНЕСКО-ға ортақ жадымызды сақтап, мәдениеттер арасындағы көпірлерді нығайтып келе жатқаны үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін», – деді ол.

Іс-шараға ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің елшілері мен дипломаттары, Ұйым хатшылығының басшылығы мен қызметкерлері, Париждің қазақтың музыкасына арнайы қызығушылық танытқан тұрғындары мен қонақтары, Франциядағы отандастарымыз қатысты.

Ашылу рәсімінің қорытынды бөлігінде қазақ фольклорлық музыкасының шебер орындаушылары Еркін Құдайберген мен Серік Нұрмолдаев жиналғандарды халық аспаптарының көмегімен Нұрғиса Тілендиевтің бірқатар әйгілі шығармаларымен таныстырып, олардың тереңдігін және мазмұнын әсерлі жеткізе білді.

Көрме көпшілік үшін Париждегі ЮНЕСКО бас пәтерінде 2025 жылғы 19 маусымға дейін ашық болады.