Халықаралық метрология қауымдастығы Метрлік конвенцияның 150-жылдығында Қазақстанға алғысын білдірді

Халықаралық метрология қауымдастығы Метрлік конвенцияның 150-жылдығында Қазақстанға алғысын білдірді

Париж, 2025 жылғы 20 мамыр – Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов Дүниежүзілік метрология күні мен Метрлік конвенцияның 150 жылдығына арналған халықаралық симпозиумның ашылуында сөз сөйледі.

Айтулы датаға орай, Халықаралық өлшемдер мен салмақтар бюросы (BIPM) және Заңды метрология жөніндегі халықаралық ұйым (OIML) ЮНЕСКО-ның Париждегі бас пәтерінде «Метрлік конвенцияның 150 жылдығы: ғылым, инновация және жаһандық маңыз» атты ауқымды симпозиум өткізді. Оған халықаралық ұйымдар, Нобель сыйлығының лауреаттарын қоса алғанда беледі ғалымдар, сарапшылар мен студенттерден құралған 1000-нан астам қатысушы жиналды. Шарада BIPM мен OIML жетекшілері және басқа да делегаттар Қазақстанға Метрология күнін БҰҰ жүйесіндегі халықаралық күн ретінде жариялау бастамасы үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Өз сөзінде Елші А. Абдрахманов метрологияның орнықты даму, ғылыми прогресс, инновация және халықаралық сауда үшін маңызын атап өтті.

Осы орайда Елші Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің симпозиум қатысушыларына ресми құттықтау хатын оқып берді.

Министр өз жолдауында Метрлік конвенцияның жаһандық өлшем жүйесінің негізі ретіндегі тарихи маңызын, бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың қажеттілігін және Қазақстанның ұлттық әрі өңірлік метрологиялық инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«150 жыл ішінде Метрлік конвенцияның «метрлік жүйені халықаралық біріздендіру және жетілдіруді қамтамасыз ету» жөніндегі миссиясы жаһандық ынтымақтастық пен ортақ ілгерілеу ниетінің арқасында сәтті жүзеге асуда», – деді А. Шаққалиев.

Оның айтуынша, Қазақстан ЮНЕСКО-ның мүше мемлекеті ретінде, BIPM және OIML-дың белсенді қолдауымен, Метрология күнін ЮНЕСКО және БҰҰ жүйесінің халықаралық күні ретінде жариялауға бастамашы болғанын мақтан тұтады.

Министр Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі реформалар нәтижесінде ұлттық метрологиялық жүйені халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мемлекетіміздің экономикалық өсуіне және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал еткенін атап өтті.

Сөзінің соңында А. Шаққалиев халықаралық метрология қауымдастығын метрологияның барлық қоғамдарға, барлық экономикаларға қызмет етуін қамтамасыз ету жолында күш біріктіруге шақырды. Бұл ұстаным «Барша адамдар мен барша заман үшін өлшемдер» деген Метрлік конвенция ұранымен үндеседі.

Өткен жылы OIML Дүниежүзілік метрология күнін жариялаудағы тығыз ынтымақтастығы үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс хат жолдады, мазмұнында аталған қадам «жаһандық деңгейдегі метрологияның беделін нығайта отырып, бүкіл әлемнің метрологтары үшін маңызды оиқға болды» деп айтылған. Сондай-ақ, ол 2023–2024 жж. Ұлттық метрологиялық институттардың Еуро-Азиялық ынтымақтастығында және 2021 жылдан бастап Дамып келе жатқан метрологиялық жүйелері бар елдер бойынша жұмыс тобында Қазақстанның табысты төрағалығы ерекше атап өтілді.

Метрлік конвенция 1875 ж. 20 мамырда Парижде 20 мемлекеттің қатысуымен қол қойылған және бүгінгі күнге дейін күшінде тұрған ең көне халықаралық келісімдердің бірі саналады. Қазақстан бұл Конвенцияға тәуелсіз мемлекет ретінде 2008 ж. 7 ақпанда ресми түрде қосылды.

Еске сала кетейік, 2023 ж. қарашада Қазақстанның бастамасымен және 43 мемлекеттің қолдауымен ЮНЕСКО Бас конференциясы 20 мамырды БҰҰ жүйесіндегі жаңа халықаралық мереке – Дүниежүзілік метрология күні деп ресми жариялау жөніндегі қарарды бірауыздан қабылдады.