Қазақстан Елшісі Моңғолия Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшыларымен кездесті

Қазақстан Елшісі Моңғолия Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшыларымен кездесті

2023 жылғы 18 қазан, Ұлан-Батыр қаласы - Моңғолия Ұлттық қауіпсіздік Кеңесінің Стратегиялық зерттеулер институтында Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаевтың моңғол ғалымдары мен сарапшыларымен «Елші сағаты» дөңгелек үстелі форматындағы кездесуі өтті.

Іс-шара Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануының 33 жылдығына және 1993 жылғы 22 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы Достық қатынастар мен ынтымақтастық туралы Шарттың 30 жылдығына орайластырылып өткізілді.

Дөңгелек үстел барысында қазақстандық дипломат жиналған қауымды Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі қағидаттары мен басымдықтарымен таныстырып, сарапшылардың қойған бірқатар сауалына жауап берді.

Атап айтқанда, Ғ.Қойшыбаев Қазақстанның Шаңхай ынтымақтастық ұйымындағы биылғы төрағалығының басымдықтары, геосаяси күш орталықтары арасындағы ағымдағы қарама-қайшылықтар мен санкциялық текетірестің Қазахстанның сыртқысаяси және экономикалық мүддесіне ықпалы, халықаралық қатынастарда қалыптасқан «жаңа шындық» жағдайындағы еліміздің экономикалық бағдары, Қытайдың «Белдеу мен жол» жобасына Қазақстанның көзқарасы, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қатынастардың қазіргі ахуалы мен проблемалық сұрақтары сияқты моңғол мамандарын қызықтырған тақырыптар бойынша еліміздің ұстанымын жеткізіп, өз пікірімен бөлісті.

Сонымен бірге, «Елші сағаты»  іс-шарасы аясында қазақстандық дипломат Моңғолия Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Б.Даваадоржбен екіжақты кездесу өткізіп, аталған ғылыми орталық пен Казақстан стратегиялық зерттеулер институты арасында 2023 жылғы шілдеде қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында екі мекеменің ықпалдастығын нығайту сұрақтарын талқылады.