Ұлан-Батырда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына арналған брифинг өткізілді

Ұлан-Батырда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына арналған брифинг өткізілді

Ұлан-Батыр, 2023 жылғы 4 қыркүйек – Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған брифинг ұйымдастырды.

Іс-шараға Моңғолия телеарналарының, ақпараттық агенттіктерінің және баспа басылымдарының өкілдері, сондай-ақ Моңғолияның Стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшылары шақырылды.

Брифинг барысында Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев моңғол бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдеріне Жолдаудың негізгі мазмұны мен түйінді тұстарын жеткізді. Атап айтқанда, ол аудиторияны бұған дейін Президент Қ.Тоқаев ұсынған бастамаларды іске асырудағы ағымдағы жетістіктермен, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған елдің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі өзгерістерді тереңдету бойынша ҚР Үкіметінің алдына қойған жаңа міндеттерімен таныстырды.

Ол Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстанның жаңа экономикалық бағытын айқындайтын қағидаттары әділдік, инклюзивтілік және үнемшілдік екенін атап өтті. Бұл ретте Жолдауда баяндалған міндеттер мен тапсырмаларды іске асыруға үш жыл ғана уақыт бөлінгенін баса айтты.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат алдағы салалық экономикалық реформалардың негізгі бағыттары мен тұстары туралы қысқаша баяндады. Осымен бірге, ол көзделген реформаларды сапалы және толыққанды жүзеге асыру үшін атқарушы билік жүйесінің өзін трансформациялау қажет болатынына назар аударды. Бұл трансформациялаудың негізгі бағыттары ретінде Мемлекет басшысы келесіні айқындады. Салалық шешімдерді әзірлеу және оларды орындау үшін жауапкершілікті, сондай-ақ олардың нәтижелі болуына дербес жауапкершілікті министрлер мен әкімдерге жүктеу; экономикалық саясатты іске асырудың толық жауапкершілігін Үкіметке жүктеу; Президент Әкімшілігін «саяси штаб» ретінде қайта құру және оның күш-жігерін мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқықтық және кадрлық саясат мәселелеріне шоғырландыру; мемлекеттік аппаратты бюрократиядан одан әрі арылту; саяси қызметкерлердің кадрлық резервін құру және т.б.

Қазақстан Елшісі көзделген реформалардың басты мақсаты – жылына 6-7% деңгейіндегі тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, 2029 жылға дейін ұлттық экономика көлемін екі есеге арттырып, 450 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу екенін айтты.

Брифинг барысында Ғ.Қойшыбаев сондай-ақ ағымдағы жылы моңғол тарапының қатысуымен Қазақстанда өткізілетін кейбір көпжақты іс-шаралар туралы әңгімелеп берді. Атап айтқанда, ол аудиторияны 80-нен астам іс-шара аясында өткізіледі деп жоспарланған Шаңхай ынтымақтастық ұйымындағы Қазақстанның қазіргі төрағалығының негізгі басымдықтарымен таныстырып, Моңғолия буддистерінің жоғары лауазымды өкілінің қатысуымен өтеді деп күтілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының алдағы мерейтойлық отырысының жоспарланғанын жеткізді.

Іс-шараның аясында қазақстандық дипломат Моңғолияның Стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшыларымен Қазақстанда өткізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалардың мазмұнын егжей-тегжейлі талқылап, Қазақстанның сыртқы сауда саясаты мен қазақстандық-моңғол екіжақты қатынастарының кейбір мәселелері бойынша пікір алмасты.