Моңғол БАҚ өкілдері мен сарапшылары Қазақстандағы демократизация процесін оң қабылдады

Моңғол БАҚ өкілдері мен сарапшылары Қазақстандағы демократизация процесін оң қабылдады

Ұлан-Батыр, 2022 жылғы 10 қараша – Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінде Қазақстанда 2022 жылғы 20 қарашаға жоспарланған кезектен тыс президенттік сайлауға арналған Моңғолияның БАҚ өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы үшін баспасөз брифингі өткізілді.

Өз сөзінде Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев моңғол журналистері мен сарапшыларын ҚР-да болып жатқан саяси өзгерістердің барысымен қысқаша таныстырды, сондай-ақ алғаш рет бір жеті жылдық мерзімге сайланатын Қазақстан Президенті сайлауының мерзімінен бұрын өткізілуінің себептеріне түсініктеме берді.

Келешекте қайта сайлау құқығынсыз бір рет жеті жылға созылатын президенттік мерзім туралы Конституцияда бекітілген норма билікті монополиялау тәуекелін едәуір төмендетуге және оны ротациялаудың өркениетті қағидаттары мен дәстүрлерін орнатуға, саяси тұрақтылық пен қоғамдық татулықтың қазақстандық моделінің беріктігін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат ҚР сайлау заңнамасының ерекшеліктері, Қазақстан Президенттігіне тіркелген кандидаттар, олардың сайлауалды бағдарламалары, сондай-ақ сайлау процесінің кестесі, халықаралық байқаушылар миссиялары мен осы жолғы сайлауда аккредиттелген шетелдік БАҚ-тардың жұмысы туралы айтып берді.

Баспасөз брифингіне шақырылған моңғол журналистері мен сарапшылары Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларға, олардың шеңберінде жүзеге асырылып жатқан елдің саяси жүйесін түбірімен өзгерту процесіне бастау болатын осы жылғы мемлекет басшысы сайлау мен 2023 жылы өткізілетін Парламент және маслихаттардың депутаттарын сайлау бойынша электоралдық науқанға үлкен қызығушылық танытты. Іс-шара барысында оның қатысушылары сондай-ақ әртүрлі салалардағы қазақстандық-моңғол екіжақты ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.