Ұлан-Батырда Республика күні тойланды

Ұлан-Батырда Республика күні тойланды

Ұлан-Батыр, 2022 жылғы 25 қазан – Моңғолияның елордасында Қазақстанның ұлттық мерекесі – Республика күніне орай салтанатты қабылдау өткізілді.

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі ұйымдастырған іс-шараға Моңғолияның саяси және қоғамдық топтардың, мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдарының, іскерлік шеңберлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, шетелдік дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің және қаржылық құрылымдардың басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Қазақстан Елшісі Ғабит Қойшыбаев өзінің құттықтау сөзінде іс-шара қонақтарына тарихи оқиға – аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы, азаматтық, сыртқы қатынастар мен ішкі саясаттағы дербестік сияқты мемлекеттіктің қағидаттары мен сипаттарын тұңғыш рет құжат  бетінде бекіткен және елдің шынайы тәуелсіздігін алу жолындағы маңызды қадам болған 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдау күнін еске алу үшін атап өтілетін тойланатын Республика күнінің тарихымен таныстырды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат моңғол әріптестерін Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 30-жылдығымен құттықтады. Екі бауырлас ел арасында қарқынды дамып жатқан саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы тығыз да жемісті ынтымақтастықты, сондай-ақ олардың халықаралық істердегі белсенді әрекеттесуі мен әртүрлі халықаралық құрылымдар шеңберіндегі өзара қолдау көрсетуін қанағаттанушылықпен атап өтті.

Іс-шараға басты қонақ ретінде қатысқан Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Сайнбуянгийн Амарсайхан өзінің құттықтау сөзінде моңғол мен қазақ халықтарын байланыстыратын тығыз мәдени және тарихи қатынастардың бар екенін ерекше атап өтті. Жошы хан кесенесінің макетін Шыңғыс ханның мұражайына сыйға тартқаны үшін Астанада орналасқан Халықаралық Түркі академиясына алғысын білдірді. Сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықтағы жетістіктер мен болжамдар туралы баяндады.  

Сонымен бірге Моңғолия Үкіметі басшысының орынбасары Қазақстанның халықаралық істердегі белсенді рөліне жоғары баға берді. Қазақстан елордасында осы айда өткен АӨСШК-нің мерейтойлық Саммиті барысында оған және ресми моңғол делегациясына көрсетілген жылы қабылдау үшін алғысын білдірді, осы іс-шарада қабылданған шешімдердің тарихи маңыздылығын атап өтті.

Мерейтойлық іс-шара барысында Қазақстанның Елшілігі сондай-ақ Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауының 30-жылдығына арналған фотокөрме ұйымдастырды.

Сонымен қатар, бай жасаумен безендірілген қазақи киіз үй мен кеш қонақтарына ұсынылған қазақтың ұлттық тағамдары мерекеге ерекше сән берді.