
Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет атанғанына бүгін 29 жыл толып отыр.
Бір кезде дүние жүзінің ауқымды бөлігін алып жатқан Кеңес одағының ыдырау кезеңі 1980 жылдардың екінші жартысында басталған еді. Қайта құру кезеңінде одақтас республикалар орталықтан дербес мемлекеттік және экономикалық тәуелсіздікке ұмтыла бастады. Алдымен Балтық елдері бөлініп шыққаннан кейін, 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беларусь, Ресей және Украина елдері одақты біржолата ыдыратқан Беловеж келісіміне қол қойды. Осылайша, Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы елдер дербестікке жетіп, әлемдегі мемлекеттердің қатарына тағы 15 мемлекет қосылды.
Одақтан бөлініп шыққан 15 мемлекеттің ішіндегі Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Айта кетерлігі, Қазақстан одақ құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдаған мемлекет.
Осылайша, Қазақстан Республикасы биыл өзінің 29-рет Тәуелсіздік күнін атап өтуде.