
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Далянь қаласында (ҚХР) «Жазғы Давос» дүниежүзілік экономикалық форумының жаңа чемпиондарының 17-ші жыл сайынғы кездесуінің ашылу салтанатына қатысып, Моңғолия Премьер-министрімен, Бангладеш Халық Республикасының Премьер-министрімен, сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форумның Президенті және бас директорымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Форум жұмысына Үкімет басшылары, ірі компаниялар мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты. Күн тәртібі технологиялық трансформация, инвестициялық ынтымақтастық, цифрландыру, ЖИ және экономикалық өсудің жаңа драйверлерін іздеу мәселелерін қамтиды.
Моңғолия Премьер-министрі Ням-Осорын Учралмен келіссөздер барысында сауда-экономикалық өзара іс-қимылды дамыту, өнеркәсіп кооперациясы, тау-кен металлургиясы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және жасанды интеллект, сондай-ақ ғарыштық технологиялар саласындағы әріптестік мәселелері талқыланды. Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтың биыл сәуір айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ екі ел басшылары қойған өзара сауда көлемін $500 млн-ға дейін жеткізу міндетін жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Олжас Бектенов пен Ням-Осорын Учрал өзара қызығушылық тудыратын экономиканың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендерін жеткізді.