Қазақстан мен Моңғолия жоғары білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуда

Қазақстан мен Моңғолия жоғары білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуда

Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 13-14 мамыр – Моңғолияда алғаш рет «Study in Kazakhstan» халықаралық білім беру көрмесі өтті. Іс-шара Қазақстанның жетекші университеттерін, екі елдің білім беру қауымдастығының, мемлекеттік органдары мен дипломатиялық құрылымдарының өкілдерін біріктірді.

Көрме ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен еліміздің Моңғолиядағы Елшілігінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Аталған іс-шара жоғары білім және ғылым саласындағы қазақстан-моңғол ынтымақтастығын нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның білім беру әлеуетін Моңғолия жастары арасында ілгерілетуге бағытталған маңызды алаңға айналды.

Көрме барысында қазақстандық университеттер бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын, сондай-ақ академиялық ұтқырлық, халықаралық алмасу, қос диплом, стипендиялар, ғылыми тағылымдамалар мен зерттеу ынтымақтастығы мүмкіндіктерін таныстырды.

Іс-шара аясында жоғары оқу орындарының таныстырылымдары, талапкерлер мен студенттерге арналған жеке консультациялар, академиялық қауымдастық өкілдерімен кездесулер және одан әрі ынтымақтастық мәселелері бойынша екіжақты келіссөздер өтті.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация Моңғолия мемлекеттік университеті мен «University of Finance and Economy» кампустарына барып, академиялық алмасуды, ғылыми өзара іс-қимылды және бірлескен білім беру бастамаларын дамыту перспективаларын талқылады.

Көрменің өткізілуі моңғол тарапының Қазақстанның жоғары біліміне деген жоғары қызығушылығын көрсетті және Қазақстан мен Моңғолияның білім, ғылым және жастар саясаты салаларындағы әріптестігін нығайтудағы маңызды қадам болды.