Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан мен Моңғолия астаналары арасындағы тікелей әуе рейсінің салтанатты ашылуы өтті

Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан мен Моңғолия астаналары арасындағы тікелей әуе рейсінің салтанатты ашылуы өтті

Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 12 мамыр – «SCAT Airlines» әуе компаниясы жүзеге асыратын Қазақстан мен Моңғолия астаналары арасындағы тікелей әуе рейсінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов, Моңғолия Үкіметі мен Ұлы Мемлекеттік Хуралының өкілдері, екі елдің авиациялық ведомстволарының қызметкерлері, «SCAT Airlines» және «Hunnu Air» компанияларының басшылығы, туристік және билет агенттіктері, іскер топтар мен Моңғолияның бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Астана мен Ұлан-Батыр арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Моңғолияға және Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің 2026 жылы Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарлары шеңберінде қол жеткізген уағдаластықтардың маңызды практикалық нәтижесі екенін атап өтті.

2026 жылғы 2 маусымда іске қосылатын рейс екі ел арасындағы сауда-экономикалық, туристік, гуманитарлық және өңіраралық байланыстардың одан әрі дамуына, сондай-ақ Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көлік байланысын нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.