Ұлан-Батыр қаласында «Абай мұрасы» атты қазақ поэзиясының мәдени кеші өтті

Ұлан-Батыр қаласында «Абай мұрасы» атты қазақ поэзиясының мәдени кеші өтті

Ұлан-Батыр, 2025 жылғы 15 қараша –Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінде ұлы ақын, ойшыл және композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай мәдени кеш өтті. Іс-шара қазақ диаспорасының өкілдері мен еліміздің бай мәдени мұрасына айрықша қызығушылық танытатын Қазақстанның достарын біріктірді.

Іс-шараға қатысушылар мен қонақтарға Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов құттықтау сөзін жолдады. Өз сөзінде ол Абайдың шығармашылық және философиялық мұрасының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы, мәдениет пен білім беру жүйесін дамытудағы, сондай-ақ қазақ халқының рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайтудағы айрықша рөліне ерекше тоқталды.

Мәдени кеш аясында Абай шығармалары, оның көзқарастары мен идеялары жөніндегі білімді тереңдетуге бағытталған зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ұлы ойшылдың шығармаларынан көркемсөз оқу кеші өтіп, тыңдаушыларға оның поэзиясының тереңдігін, философиясының гуманистік мазмұнын және мұрасының қазіргі замандағы өзектілігін жаңаша қырынан ұғынуға мүмкіндік берді.

Аталған мәдени кеш Моңғолиядағы қазақ диаспорасы үшін маңызды оқиғаға айналды. Іс-шара отандастардың тарихи Отанымен байланысын нығайтуға, ұлттық дәстүрлер мен рухани мұраны шетелде сақтау мен насихаттауға үлес қосты, сондай-ақ Қазақстан мен Моңғолия арасындағы екіжақты қатынастардың ажырамас бөлігі болып табылатын мәдени диалогтың маңыздылығын айқындай түсті.