
Ұлан-Батыр, 2025 жылғы 31 қазан – Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінде еліміздің экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ моңғол іскер топтарын Қазақстандағы бизнес жүргізу жағдайлары, мемлекеттік қолдау шаралары және қазақстандық нарықта жұмыс істеудің артықшылықтарымен таныстыру болды.
ҚР-дың Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов қатысушыларға еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын, соның ішінде ауыл шаруашылығы, көлік-логистика инфрақұрылымы және туризм сияқты перспективалы салалардағы мүмкіндіктерді таныстырды. Сондай-ақ, Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуеті, индустриялық аймақтар және тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат берілді.
Семинарға Моңғолияның Сауда-өнеркәсіп палатасының, салалық қауымдастықтардың және бірқатар моңғол компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты. Олар қазақстандық әріптестермен өзара іс-қимылды дамытуға, ең алдымен логистика мен транзит, агроөнеркәсіп кешені, тау-кен өнеркәсібі, сауда және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру салаларында мүдделілік танытты.
Іс-шара соңында сұрақ-жауап сессиясы өтіп, тараптар ықтимал ынтымақтастықтың практикалық тетіктерін талқылап, одан арғы жұмыс байланыстарын қолдап отыруға уағдаласты.