Моңғолияның сарапшылары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойған басым бағыттарды жоғары бағалады

Моңғолияның сарапшылары Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойған басым бағыттарды жоғары бағалады

Ұлан-Батыр, 2025 жылғы 24 қыркүйек – Моңғолияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара барысында Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі А.Сейтақынов Жолдаудың мазмұнын жан-жақты таныстырып, Мемлекет басшысы айқындаған маңызды міндет – цифрлық трансформацияға тоқталды. Ол тек жаңа технологияларды енгізумен шектелмей, тұтас цифрлық экожүйе қалыптастыруды көздейтінін атап өтті. Елші Қазақстанның стратегиялық мақсаты жаһандық бәсекелестікке тиімді төтеп беруге қабілетті, экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ететін заманауи цифрлық мемлекетке айналу екенін жеткізді.

Моңғол сарапшылары Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларды жоғары бағалап, Мемлекет басшысы бастамаларының дәйекті орындалуы елдің жедел дамуына қуатты серпін беріп, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына, шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттыратынына және Қазақстанның халықаралық беделін нығайтатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, сарапшылар қазақстандық өзгерістердің бүкіл өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, көзделген мақсаттардың табысты жүзеге асырылуы басқа мемлекеттерге де үлгі бола алатынын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында тараптар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы жөнінде пікір алмасты. Сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға, инвестициялық ықпалдастықты кеңейтуге және мәдени-гуманитарлық қатынастарды нығайтуға айрықша назар аударылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша сараптамалық диалогты жалғастыруға уағдаласты.