2025 жылғы 19 наурызда Түрікменбашы қаласында (Түрікменстан) Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түрікменстанның Балкан велаятының хякимі Ходжамырат Ашырмырадовпен кездесті.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, көлік, мәдени-гуманитарлық салаларда өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Түрікменбашы-Гарабогаз-Темір баба-Ақтау автожолын модернизациялау мәселелері пысықталды, бұл халықаралық көлік тасымалы мен екі ел арасындағы тауар айналымы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Оған қоса, еркін сауда экономикалық аймағын құру, екіжақты сауда қатынастарын дамыту, бірлескен кәсіпорындар құру және екі ел аумағында инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Тараптар екі өңір арасындағы қатынастарды дамыту әлеуеті зор екенін және перспективалық салалар бойынша тұрақты өсу байқалып отырғанын атап өтті.
Н.Қилыбай ірі өндіріс орталығы болып саналатын Түрікменбашы қ. әкімі Амангелді Исаевпен де кездесті.