Достық әуез иірімдері: Түрікменбашыда Ұлттық домбыра күні атап өтілді

Достық әуез иірімдері: Түрікменбашыда Ұлттық домбыра күні атап өтілді

Түрікменбашы қаласындағы Мұнайшылар мәдениет сарайында (ТМӨЗК мәдени-спорттық кешені) Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мәдени кеш Қазақстан Республикасының Түрікменбашы қаласындағы Консулдығының ұйымдастыруымен және жергілікті қалалық, аудандық мәдениет бөлімдерінің қолдауымен іске асырылды.

Шараға Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысты. Өз сөзінде Елші өнер мен мәдениеттің қазақ-түрікмен халықтарының достығын нығайтудағы рөліне тоқталып, жиналған қауымға ұлттық аспаптың шығу тарихы мен күй өнерінің құдіреті туралы сыр шертті.

Мерекелік кешке халықаралық сыйлықтардың лауреаты, күйші әрі өнертанушы, «Алдаспан» этно-тобының мүшесі Шамшаддин Омаров бейнебайланыс арқылы қосылды. Ол қазақтың күй өнері туралы терең мағлұмат беріп, «Көреғұлы» және «Ақсақ құлан» күйлерінің тарихын әңгімеледі, сондай-ақ бұл туындыларды нақышына келтіре орындап берді.

Сонымен қатар түрікмен өнер шеберлері өздерінің ұлттық аспабы – дутармен халық шығармаларын шырқады. Мәдениет сарайының әншілері қос халықтың әндерін орындап, тамырлас екі елдің достығын паш етті. Шара аясында қонақтар қазақ-түрікмен кітап көрмесі мен этнокөрмені тамашалады.