Қазақ тілін үйренуге арналған пайдалы сайттар

Қазақ тілін үйренуге арналған пайдалы сайттар

Құрметті отандастар, қазақстандықтар және канадалық достарымыз!

Коронавирустық пандемия Қазақстанның Торонтодағы Консулдығының жанындағы Қазақ мәдениеті орталығында қазақ тілі мен мәдениетін үйрену бойынша офлайн курстарды ашу жөніндегі біздің бірлескен жоспарларымызға өзіндік түзетулер енгізді.

Бүгінгі уақыттың талаптарына сәйкес біз қазақ тілі, әдебиеті мен қазақ тілінің латын әліпбиін онлайн режимінде оқуға арналған оқулықтар мен көптеген мультимедиялық бағдарламаларды қамтитын арнайы сайттар мен порталдарды таңдадық. Төменде назарларыңызға ұсынып, белсенді қолдануға шақырамыз.

Сондай-ақ, осы бағыттағы бірлескен жұмысымызды жетілдіру бойынша сіздің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды асыға күтеміз.


Abai.institute атты қазақ тілінде ашық білім беру бағдарламасы қазақ тілі мен әдебиетін, қазақ халқының мәдениетін дәріптеуді және танымал етуді көздейтін, сондай-ақ мемлекеттік тілді оқыту бағдарламаларының жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға бағытталған, республикамызда және шетелде қазақ тілінде ашық білім алуды жүзеге асыратын платорфма.

Балаларға арналған Balatili.kz сайты қазақ тілін оқып-үйрену, одан әрі жетілдіргісі  келетін үш жастан асқан балаларға, сонымен қатар бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата-аналарға арналған. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы навигация жүйесі бар онлайн-платформа негізінде жұмыс істейді. Балалардың сөздік қорын байыту арқылы қазақ тіліндегі оқу дағдысын дамыту, сөздік қорын молайту дағдыларын қалыптастыру негізгі мақсатты құрайды.

Tilqural.kz – қазақ тілін өздігінен оқып-үйренуге арналған веб-платформа және мобильді қосымша. Барлық жаттығулар интерактивті түрде берілген әрі тиімді әдістемелерге негізделген. Қазақ тілінің латын графикасы курсы латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиін, оқу мен жазу дағдыларын меңгеруге көмектеседі.

Tilalemi.kz порталы – қазақ тілін меңгергісі келетін ересек азаматтарға белгілі бір уақыт аралығында барынша тиімді әрі жүйелі түрде тілді А1, А2, В1 деңгейінде үйреніп шығуына мүмкіндік береді. Сөздік қорын дамытып, жаңа сөздердің мағынасын түсініп, оны күнделікті өмірде қолдана білуіне ықпал етеді. Сонымен қатар аталған порталда латын графикасын үйрету процесін тиімді етуге көмектесетін әрі пайдаланушының қызығушылығын арттыратын жаттығулар берілген.

Sozdikqor.kz порталықазақ тіліндегі көне және кірме сөздер, тұрақты сөз тіркестері берілген еліміздегі алғашқы әмбебап платформа. «Сөздік қор» порталықазақ тіліндегі сөздердің мағынасын, синонимін, антонимін, фразеологиялық тіркесте немесе сөйлем ішінде кездесуін, жазылу емлесін және латын әліпбиінде дұрыс жазылуын көрсететін портал.

Qazlatyn.kz – мәтіндерді кирилден латынға және төте жазуға онлайн түрде сәйкестендіретін көпфункционалды конвертер және еліміздегі латын графикасына көшу үдерісін сүйемелдейтін негізгі ұлттық портал. Qazlatyn көпфункционалды конвертері электронды мәтінді кирилден латынға, төтеге және керісінше аудару қызметтерін жүзеге асырады. Пайдаланушыға ыңғайлы болу үшін дайын мәтінді көшіріп салу немесе арнайы бетте жаза отырып, ілеспе сәйкестендіруге де болады.