Токио, 2025 жылғы 25 сәуір – Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапония Парламентінің Кеңесшілер палатасы мен Өкілдер палатасының депутаттары алдында екіжақты қатынастардың даму болашағы жөнінде сөз сөйледі.
Е.Баударбек-Қожатаев Қазақстанмен достық жөніндегі Парламенттік лигасының бірлескен отырысына қатысушыларды ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің 2025 жылғы 17-18 наурыз аралығында Токиоға жасаған ресми сапарының нәтижелері, сондай-ақ саяси және экономикалық салалардағы алдағы бірлескен іс-шаралар туралы хабардар етті. Елші сондай-ақ жапон тарапын Осакадағы ЭКСПО-2025 Дүниежүзілік көрмесінің ашылуымен құттықтап, оның «Өмірлерді біріктіру» аймағында орналасқан Қазақстан павильонында донорлық жүректі сақтау мен тасымалдауға арналған ALEM инновациялық құрылғысы ұсынылғанын атап өтті.
Қазақстанмен достық жөніндегі Парламенттік лигасының Төрағасы Тошиаки Эндо Жапония депутаттарының Қазақстанмен өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге дайын екенін білдіріп, еліміздің Орталық Азиядағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.
Іс-шараға қатысқан Жапония Премьер-министрінің Арнайы кеңесшісі Акихиса Нагашима цифрландыру мен жасыл энергетика салаларында жапондық технологияларды пайдаланудың мүмкіндіктері туралы айта отырып, Қазақстанның демографиялық және көлік-транзиттік әлеуетін атап көрсетті.
Жапония Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі Масаки Ишикава еліміздің экономикалық әлеуетіне ерекше назар аудара отырып, Жапонияның Қазақстанға қатысты сыртқы саясатының негізгі бағыттары жөнінде ақпарат берді.
Кездесу соңында түрлі саяси партиялар мен министрліктердің атынан шыққан Жапония Парламентінің депутаттары Қазақстан-жапон қарым-қатынастарының бірқатар аспектілері мен даму болашағы бойынша пікір алмасты.