Токио, 2025 жылғы 17 сәуір - «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «РОТОБО» жапондық бизнес-ассоциациясы ҚР Жапониядағы Елшілігінің қолдауымен екіжақты экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге арналған дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараны ашу барысында Елші Е.Баударбек-Қожатаев қатысушыларды сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективалары туралы хабардар етті.
Қазақстан-Жапония экономикалық ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы, «Marubeni» корпорациясының Арнайы кеңесшісі Акира Теракава әлемдік нарықтағы турбуленттілік жағдайында екіжақты сауданың тұрақты деңгейін атап өтіп, жапондық компаниялардың экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүдделілігін растады.
Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сыртқы экономикалық қызметті қолдаудағы рөлін атап өтіп, елдің инвестициялық ахуалы және жобалар үшін жағдайдың тұрақтылығына кепілдік беретін қолдау шаралары туралы айтып берді.
«РОТОБО» жапондық бизнес-ассоциациясы Бас директорының орынбасары Мики Ваджима жапондық және қазақстандық компаниялардың жан-жақты іскерлік өзара іс-қимыл перспективалары туралы өз көзқарасымен бөлісті. Іс-шараға «MUFG» банкі мен «Sumitomo», «Mitsubishi», «Inpex», «Sojitz», «Toyota Tsucho», «Nissin», «Itochu», «Mitsui» корпорацияларының басшылары мен өкілдері қатысты.
Жапонияға сапары барысында қазақстандық делегация Экономика, сауда және индустрия министрлігінде, Сауда-өнеркәсіп палатасында, Сыртқы сауданы дамыту ұйымында және Халықаралық ынтымақтастық агенттігінде тиісті кездесулер өткізді.