Жапонияның көлік министрімен «Орта дәлізді» коммерцияландыру мәселелері талқыланды

Жапонияның көлік министрімен «Орта дәлізді»  коммерцияландыру мәселелері талқыланды

Токио, 2025 жылғы 5 наурыз - ҚР Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрі Хиромаса Наканомен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Елші Азия мен Еуропа арасындағы негізгі мультимодальды транзиттік дәліздердің бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ, «Орта дәліз») ағымдағы ахуалы мен даму перспективаларымен таныстырды.

Х.Накано «Орта дәліздің» халықаралық сауда мен өңірлік экономикалық дамудағы өсіп келе жатқан рөлін атап өтіп, жапон тарапының сауда бағыттың әлеуетін одан әрі зерттеуге қызығушылығын білдірді. Осыған орай, «Орта дәліз» аясында инфрақұрылым құру мен өткізу қабілетін арттыру, басқару тиімділігін жоғарылату мен логистикалық және кедендік қызметтерді жақсарту мәселелері көтерілді.

Е.Баударбек-Қожатаев министрді Жапониядан Еуропаға Ақтау және Құрық порттары арқылы транзиттік контейнерлік тасымалдарды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстанда логистикалық орталықтар құруға қызығушылық білдіретін жапондық көлік-логистикалық компаниялармен кездесулердің нәтижелері туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, тараптар әуе қатынасы өзара іскерлік және туристік байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтіп, Қазақстан мен Жапония арасында тікелей рейсті ашу мәселелерін талқылады.