Жапонияда «әл-Фараби орталығы» ашылды

Жапонияда «әл-Фараби орталығы» ашылды

Ү.ж. 22 желтоқсанда ҚР Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев, Цукуба университетінің ректоры Кёсукэ Нагата және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов (онлайн қатысты) Жапониядағы «әл-Фараби орталығын» салтанатты түрде ашты.

Іс-шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылы атап өтіліп жатқан ғалым және философ Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеудің маңызды оқиғасы болды.

Орталық гуманитарлық, әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдары саласындағы бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру, сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фарабидің энциклопедиялық мұрасын ілгерілету алаңына айналуы тиіс.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ректоры Ғалымқайыр Мұтанов өзінің сөзінде орталықтың ашылуы – әл-Фарабидің тұлғасына деген жоғары құрметтің белгісі және қазақ халқына деген үлкен достықтың көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, орталықтың қызметі кәсіби кадрларды бірлесіп даярлауға, ҚазҰУ мен Цукуба университеті ғалымдарының халықаралық рейтингтік басылымдардағы жарияланымдарын ілгерілетуге бағытталатын болады.

Цукуба университетінің Ректоры Кёсукэ Нагата «әл-Фараби орталығы» Қазақстан мен Жапония арасындағы білім және ғылым саласындағы қатынастарды нығайтуға үлес қоса отырып, бірлескен ғылыми-білім беру қызметін одан әрі дамытуға ықпал ететінін мәлімдеді. К.Нагата Жапония императорының таққа отыру рәсіміне қатысу мақсатында 2019 жылғы қазанда Токиоға сапары барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Құрметті доктор атағын беру Цукуба университеті үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.

Орталық сондай-ақ «Campus-in-Campus» бағдарламасы шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігі ретінде жұмыс істейтін болады.

Анықтама: Цукуба Жапонияның жетекші ұлттық университеттерінің бірі және әлемдік деңгейдегі білім беру және зерттеу орталығы болып табылады, сондай-ақ Жапония жоғары оқу орындары арасында Нобель сыйлығы лауреаттарының саны бойынша 4-ші орын алады.

 

ҚР Жапониядағы Елшілігі