Ірі жапон бизнес-делегациясы Қазақстанға келеді

Ірі жапон бизнес-делегациясы Қазақстанға келеді

Токио, 2026 жылғы 24 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев «Kawasaki Heavy Industries» директорлар кеңесінің Төрағасы және «ROTOBO» Жапон бизнес-қауымдастығының Төрағасы Ёшинори Канэханамен кездесті.

Тараптар 2026 жылғы желтоқсанда Астанада өткізілуі жоспарланған Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан мен Жапонияның үкіметтік және жеке секторлары бірлескен комиссиясының алдағы 9-шы отырысының күн тәртібін талқылады. Іс-шараға энергетика, машина жасау, көлік, логистика, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және қаржы секторы сияқты түйінді салалардың атынан ірі жапон бизнесінің 150-ге жуық өкілі қатысады деп күтілуде.

Бұл шара жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға, «жасыл» трансформацияны ілгерілетуге, қаржы секторындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ жеткізу тізбегінің тұрақтылығын арттыруға баса назар аудара отырып, Жапония мен Қазақстан арасындағы стратегиялық экономикалық серіктестікті нығайтуға арналады. Жапон бизнесі өкілдерінің комиссия жұмысына қатысуын үйлестіруді Жапония-Қазақстан экономикалық комитетінің хатшылығы ретінде «ROTOBO» қауымдастығы жүзеге асырады.

Бірлескен комиссия отырысын өткізу ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға бағытталған.

Кездесу барысында Елші Е.Баударбек-Қожатаев қазақстандық тараптың «Kawasaki Heavy Industries» компаниясымен ұзақ мерзімді технологиялық серіктестікті нығайтуға, соның ішінде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және озық технологиялық шешімдерді жергіліктендіруге мүдделі екенін атап өтті. Қазақстан тарапы роботтандырылған жүйелерді, операцияларды басқарудың заманауи технологияларын және зияткерлік логистикалық шешімдерді енгізе отырып, автоматтандырылған қойма және фулфилмент кешендерін құру бойынша инвестициялық ұсыныстарды табыстады. Сонымен қатар, сутегі энергетикасы, өнеркәсіпті автоматтандыру, көлік-логистикалық және қалалық инфрақұрылымды дамыту салаларындағы, соның ішінде «Alatau City» технологиялық хабының флагмандық жобасы бойынша инвестициялық жобалар таныстырылды.

Өз кезегінде «Kawasaki Heavy Industries» директорлар кеңесінің төрағасы Ёшинори Канэхана концерннің Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын растап, мұнай-химия саласы мен энергетикалық машина жасауды өзара іс-қимылдың басым бағыттары ретінде атап өтті. Бұдан бөлек, жапон корпорациясының басшысы әлемдік нарықтардағы құбылмалылық жағдайында Қазақстан жапон бизнесі үшін аса маңызды минералдардың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі сенімді жеткізушісі ретінде қарастырылатынын баса айтты.

Анықтама: «Kawasaki Heavy Industries» – энергетика, көлік, авиация және ғарыш техникасы, кеме жасау, өнеркәсіптік жабдықтар, робототехника және инфрақұрылым салаларында жұмыс істейтін ірі жапондық өнеркәсіптік-инжинирингтік корпорация. Сұйытылған сутегі саласындағы әлемдік технологиялық көшбасшылардың бірі бола отырып, «Kawasaki Heavy Industries» оны теңіз арқылы тасымалдауға арналған әлемдегі алғашқы кемені («Suiso Frontier») жобалап салды, сондай-ақ сұйытылған сутегін қабылдайтын әлемдегі тұңғыш мамандандырылған терминалды іске қосты.

«ROTOBO» Жапон бизнес-қауымдастығы Жапонияның Еуразия елдерімен сауда-инвестициялық байланыстарын дамытуға ықпал ететін негізгі институт болып табылады. Ұйым бизнеске кешенді ақпараттық және практикалық қолдау көрсетеді, талдау зерттеулерін жүргізеді, іскерлік миссиялар мен форумдар ұйымдастырады, сондай-ақ Қазақстан мен Жапонияның екіжақты экономикалық комитетінің хатшылығы қызметін атқарады.