Коносукэ Мацусита атындағы Саяси басқару және менеджмент институтының делегациясы Қазақстанға сапармен барады

Коносукэ Мацусита атындағы Саяси басқару және менеджмент институтының делегациясы Қазақстанға сапармен барады

Токио, 2026 жылғы 7 қыркүйек – Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев Коносукэ Мацусита атындағы Саяси басқару және менеджмент институтының (Matsushita Institute of Government and Management) Директоры Кенджи Одзэкимен кездесу өткізді.

К. Одзэки 1979 жылы көрнекті жапон кәсіпкері, «Panasonic» корпорациясының негізін қалаушы К. Мацусита құрған Институттың мемлекеттік қызмет, саясат, бизнес және қоғамдық сектор үшін болашақ көшбасшыларды даярлауға және кадрлық әлеуетті қалыптастыруға маманданатынын атап өтті. Институттың танымал түлектерінің қатарында Жапонияның қазіргі Премьер-министрі және билік басындағы Либералдық-демократиялық партиясының төрайымы Санаэ Такаичи бар екені ерекше атап өтілді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы академиялық, зияткерлік және сараптамалық алмасуларды, оның ішінде мемлекеттік саясат және халықаралық қатынастар мәселелері бойынша өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын талқылады. Мұндай байланыстардың екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудағы маңызды рөлі атап өтілді.

Өз кезегінде, Елші Институт басшылығын Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізгі нәтижелермен таныстырып, елдің өзекті жаһандық мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетудегі рөлі туралы айтып берді. Қазақстанның халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша диалог жүргізу және өзара қолайлы шешімдер іздеу алаңы бола алатын «орта держава» ретіндегі бастамаларына ерекше назар аударылды.

К.Одзэки Институттың Қазақстанмен өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Атап айтқанда, Институт басшылығы мен тыңдаушылары 2026 жылғы қарашада Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың барысы мен нәтижелерімен танысу, сондай-ақ екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында Қазақстанның түрлі өңірлеріне баруды жоспарлап отыр. Сапар аясында Қазақстанның мемлекеттік органдарының, бизнес, академиялық орта және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарлануда.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанға алдағы сапарға дайындық аясында Елшінің Институт оқытушылары мен тыңдаушыларына арнайы дәріс өткізуі туралы уағдаласты.

Анықтама үшін: Саяси басқару және менеджмент институты дәстүрлі жоғары оқу орындарынан ерекшеленеді. Оның қызметінде талантты жапон жастарын мұқият іріктеуге және олардың мемлекеттік және өңірлік басқару, әлеуметтік саясат пен бизнес сияқты бағыттардағы практикалық дағдылары мен білімін дамытуға негізгі басымдық беріледі. Институт түлектерінің қатарында Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, өңірлер мен ірі компаниялардың басшылары бар.