
Токио, 2026 жылғы 2 қыркүйек – Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапония Парламентінің гуманитарлық дипломатия жөніндегі тобының Төрағасы, бұрынғы Премьер-министр Шигэру Ишибамен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында Ш.Ишиба Премьер-министр қызметінде болған кезеңде Қазақстан мен Жапония арасындағы байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлгенін атап өтті. Осы тұрғыда ол өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жіберген жолдауында екіжақты ынтымақтастықты және «Орталық Азия+Жапония» Диалогы аясындағы өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі көзқарасын баяндағанын жеткізді.
Тараптар ҚР Президентінің 2025 жылғы желтоқсанда Токиоға жасаған алғашқы ресми сапары және «Орталық Азия + Жапония» алғашқы саммитіне қатысу қорытындысы бойынша жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылады. Саяси және парламентаралық байланыстарды одан әрі дамыту, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықтың жаңа перспективалы бағыттарын игерудің маңыздылығы атап өтілді.
Келіссөздердің бір бөлігі халықаралық қауіпсіздік, орнықты даму және заң үстемдігі мәселелеріне арналды. Ш.Ишиба Қазақстанның ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселелеріндегі дәйекті ұстанымын жоғары бағалап, жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы еліміздің маңызды рөлін атап өтті.
Климаттың өзгеруі, табиғи апаттарды алдын алу және олардың тәуекелдерін азайту, су қауіпсіздігі, туризм, мәдениет және гуманитарлық алмасулар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің елеулі әлеуеті бар екені айтылды. Ш.Ишиба Қазақстан үшін экологиялық және су проблемаларына ерекше назар аударып, Арал теңізінің, сондай-ақ Қазақстанның мұздықтарының қазіргі жағдайына қызығушылық танытты. Өз кезегінде Елші Қазақстан Республикасы Президентінің «жасыл» бастамалары, оның ішінде Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысы жөнінде баяндады.
Сонымен қатар, кездесу барысында Елші Қазақстан Республикасының Құрылтайына сайлау қорытындылары және елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы сұхбаттасын егжей-тегжейлі хабардар етті.