«Орталық Азия + Жапония» диалогының бастамашысы «Достық» орденімен марапатталды

«Орталық Азия + Жапония» диалогының бастамашысы «Достық» орденімен марапатталды

Токио, 23 сәуір 2026 ж. - ҚР Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучиге II дәрежелі «Достық» орденін табыстады.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Ё.Кавагучи Қазақстан мен Жапония арасындағы достық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі мен оның ерекше еңбегін мойындау үшін жоғары мемлекеттік наградамен марапатталған.

Өзінің құттықтау сөзінде Е.Баударбек-Қожатаев кейіннен өңіраралық өзара іс-қимылдың маңызды тетігіне айналған «Орталық Азия + Жапония» Диалогының қалыптасуы мен дамуы үшін Ё.Кавагучидің атқарған рөлін атап өтті.

Өзінің жауап сөзінде Ё.Кавагучи оның қызметіне жоғары баға бергені үшін шын жүректен алғысын білдіріп, «Орталық Азия + Жапония» Диалог идеясын жүзеге асыру сол кезде Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Қ.Тоқаевтың атынан қазақстандық тараптың қолдауынсыз қиын болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Жапония мен Қазақстан - бір-бірін толықтыра және қолдай алатын елдер, өз кезегінде бұл екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға ғана емес, бүкіл өңір мен халықаралық қоғамдастықтың дамуына елеулі үлес қосады.

Жапония Премьер-Министрінің арнайы кеңесшісі Мидори Мацушима Орталық Азияның, атап айтқанда Қазақстанның Жапония үшін маңыздылығын атап өтіп, елдер арасындағы ынтымақтастық экономика мен инвестициялардан бастап білім, ғылым және мәдени алмасуларға дейінгі түрлі салаларда белсенді дамып келе жатқанын жариялады. Ол жас және қарқынды дамып келе жатқан Астанаға ерекше назар аударып, оны жаңғырту мен Қазақстанның халықаралық әріптестікке ашықтығының символы деп атады.

Парламенттік Сыртқы істер вице-министрі Альфия Эри Мемлекет басшысының ресми сапарын және оның 2025 жылғы желтоқсанда Токиода өткен «Орталық Азия + Жапония» диалогының бірінші саммитіне қатысуын атап өтті. Ол екіжақты кездесу аясында Президент Қ.Тоқаев пен Премьер-министр Санаэ Такаичи «болашаққа бағдарланған кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің одан әрі синергиясы туралы» Бірлескен мәлімдемеге қол қойғанын атап өтіп, Жапония Қазақстанмен маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жариялады.

Салтанатты марапаттау рәсіміне Орталық Азия елдерінің Жапониядағы Елшілері мен Жапонияның дипломатиялық қызметтің еңбек сіңірген қайраткерлері мен академиялық топтарының өкілдері қатысты.

Анықтама үшін: Ё.Кавагучи мен Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрі қызметінде болған кезінде Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдерімен бірлесіп 2004 жылғы 28 тамызда Астанада «Орталық Азия + Жапония» диалогын ресми түрде бастаған болатын.