
Токио, 2026 жылғы 17 сәуір – Жапония Парламентінде екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған түрлі саяси партиялар депутаттарының өзара іс-қимылын үйлестіру платформасы болып табылатын Қазақстанмен достық лигасының отырысы өтті.
Іс-шара барысында 2026 жылғы 8 ақпанда өткен парламенттік сайлау нәтижелері бойынша құрылған парламенттік лиганың жаңа құрамы бекітілді. Билеуші Либерал-демократиялық партияның сайлау стратегиясы жөніндегі ықпалды комитетін басқаратын Ясутоши Нишимура лиганың төрағасы болып тағайындалды. Бұрын ол Экономика, сауда және индустрия министрі және Министрлер кабинеті Бас хатшысының орынбасары сияқты Үкіметте маңызды лауазымдарда жұмыс атқарды.
Я.Нишимура Қазақстан өңірлік экономика жүйесінде, әсіресе энергия ресурстарын жеткізуші және трансконтиненталдық логистикалық бағдарлардың негізгі буыны ретінде рөлі артып келе жатқанын мәлімдеді. Ол Жапонияның Қазақстанмен энергетика саласында, оның ішінде мұнай мен уран сияқты дәстүрлі ресурстарды, сондай-ақ декарбонизация технологиялары саласында ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті. Осы тұрғыда Я.Нишимура екіжақты диалогты жоғары деңгейде нығайту мақсатында жақын арада Астанаға бару ниеті туралы жариялады.
ҚР Жапониядағы Елшісі Е.Баударбек-Қожатаев Парламент Кеңесшілер палатасы мен Өкілдер палатасының депутаттарын екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерімен, сондай-ақ елдің саяси жүйесін жаңғырту барысымен таныстырды. 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енетін ҚР жаңа Конституциясының негізгі ережелері, сондай-ақ биліктің жаңа жоғары өкілді органы болып табылатын Құрылтайдың рөлі түсіндірілді. Қазақстандық дипломат Жапония депутаттарын Қазақстанның экономикалық дамуы туралы егжей-тегжейлі хабардар етіп, жапондық компаниялар үшін көлік және логистика, энергетика, өнеркәсіп және цифрландыру саласындағы перспективалы инвестициялық мүмкіндіктер туралы айтып берді.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Жапония СІМ-нің Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі, Елші Масаки Ишикава Жапонияның Қазақстанға қатысты сыртқы саясатының басымдықтары туралы ақпарат ұсынды, ал Жапония экономика, сауда және индустрия министрлігі Сауда саясаты бюросы Бас директорының орынбасары Такако Фуджисака екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуы туралы айтты.