ҚР Президенті Жапонияға сапарының қорытындыларын Токиода жоғары бағалауда

ҚР Президенті Жапонияға сапарының  қорытындыларын Токиода жоғары бағалауда

Токио, 2026 жылғы 12 наурыз - ҚР Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның даму стратегиясы бойынша Либералды-демократиялық партия штабының Басшысы, бұрынғы Премьер-министр Фумио Кишидамен кездесу өткізді.

Даму стратегиясы бойынша ЛДП штабы жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер және энергетиканы қоса алғанда 17 стратегиялық саладағы инвестициялар есебінен экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық саясатты әзірлеу жөніндегі негізгі орган болып табылады.

Е.Баударбек-Қожатаев жапондық саясаткерді Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалардың негізгі бағыттарымен таныстырып, инвестициялық ахуалды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және логистиканы жаңғырту жөніндегі шараларға ерекше назар аударды.

Ф.Кишида жапон тарапы 2025 жылғы желтоқсанда өткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Токиоға ресми сапары мен «Орталық Азия – Жапония» Диалогы бірінші саммитінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды толық іске асыруды көздеп отырғанын мәлімдеді. Ол Мемлекет басшысының Жапония Императоры Нарухитомен және Премьер-Министр Санаэ Такаичимен экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашқан кездесулерінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ жапон саясаткері бірлескен жобаларды дамытуға әлеуеті жоғары жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласын қоса алғанда Жапония мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарда кеңеюін құптады.

Кездесуге Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі, Елші Масаки Ишикава да қатысты.