Токиода Қазақстан мен Жапония СІМ арасында саяси консультациялар өтті

Токиода Қазақстан мен Жапония СІМ арасында саяси консультациялар өтті

Токио, 2025 жылғы 14 қарашада – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев екі мемлекеттің сыртқы саяси  мекемелері арасындағы саяси консультациялардың кезекті отырысына қатысты.

Жапонияның Мемлекеттік сыртқы істер министрі Аяно Кунимицумен  өткен кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын және алдағы іс-шаралар кестесін талқылады. А.Кунимицу Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі маңызды рөлін атап өтіп, Токионың Астанамен «кеңейтілген стратегиялық әріптестікті» одан әрі тереңдетуге бейілділігін растады.

Жапония Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия бойынша Арнайы өкіл, Елші Масаки Ишикавамен жүргізілген келіссөздер барысында екіжақты қатынастардың өзекті мәселелері мен шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелері, сондай-ақ ынтымақтастықтың визалық және консулдық-құқықтық аспектілері қарастырылды. «Орталық Азия + Жапония» Диалогының 1-ші Саммитіне дайындық және оны өткізу мәселесіне ерекше мән берілді. Осыған қоса, қауіпсіздік саласындағы ахуалды қоса алғанда, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің кең ауқымы бойынша терең пікір алмасу орын алды.

Бұдан басқа, Ә.Бақаев Жапонияның Экономика, сауда және индустрия министрлігінің өкілдерімен кездесу өткізіп, оның барысында Қазақстандағы жапон компанияларының инвестициялық қызметін кеңейту перспективалары талқыланды.