Жапония Парламентінің Спикері Акико Санто: Абай мұрасының жапон тілінде шығуы Жапония мен Қазақстан арасындағы достықты тереңдетуге ықпал етеді

Жапония Парламентінің Спикері Акико Санто:  Абай мұрасының жапон тілінде шығуы Жапония мен Қазақстан арасындағы достықты тереңдетуге ықпал етеді

Ағымдағы жылғы 12 қазанда Токиода Жапонияның саяси, мәдени және қоғамдық топтарының, сондай-ақ дипломатиялық корпустың қатысуымен қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының жапон тілінде алғашқы рет шығарылған шығармалар кітабының тұсаукесері өтті.

Жапония Парламентінің жоғарғы палатасының Спикері Акико Санто іс-шараның басты қонағы болды. Оның айтуынша, Абайдың философиясы адамзаттың қазіргі кезеңдегі барлық қиыншылықтарын, соның ішінде коронавирустық пандемияны жеңу үшін даналық пен батылдықты үйретеді.

Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев осы жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында бүкіл әлем бойынша өткізілген іс-шаралар Қазақстанның мәдени дипломатиясының дамуына ерекше үлес қосқанын айтты.

Жапония Мәдениет жөніндегі агенттігінің төрағасы Рёхэй Мията өз сөзінде Абай өлеңдерінің және «Манъешю» жапон өлеңдерінің көне жинағының жалпы мазмұны ұқсас болғанына тәнті болғанын атап өтіп, Жапония мен Қазақстан ежелден «Жібек жолымен» байланысқанын айтты.

Кітаптың презентациясын Жапонияда заманауи жапон поэзиясының «қозғаушы күші» деп аталған атақты жапон ақыны және сыншысы Кивао Номура жасады.

Көрермендер ү.ж. шілдеде Қазақстан мен Жапонияда кеңінен таралған осы әнге бейнеклип шығарған әнші Ранканың Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін жапон тілінде жан дауысымен орындауын ыстық ықыласпен қарсы алды.

Іс-шара Жапонияда қабылданған санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтай отырып өткізілді.

Жалпы алғанда, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында Жапониядағы ҚР Елшілігі ағымдағы жылы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.

Атап айтқанда, Абай шығармаларын мәнерлеп оқу эстафетасына Жапония Парламентінің депутаты және Қазақстанмен Парламенттік достық лигасының төрағасы Такэо Кавамура қатысып, ҚР Парламентінің сенаторы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «челленджіне» жауап ретінде жапон тілінде «Қара сөзден» үзінді оқыды.

Сонымен қатар, «Abai World Challenge» халықаралық видеомарафонында Жапония ақындар қауымдастығының президенті Ямада Такааки Абайдың көктемге арналған өлеңдерінің жапонша аудармасын ұсынды. Токио орталық кітапханасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған кітап-иллюстрациялық көрме өтті.

Анықтама: Кітапты шығару жобасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ҚР Жапониядағы Елшілігінің қолдауымен "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорымен жүзеге асырылды.

Мәтіндердің әдеби аудармасын Токио шет тілдер университетінің профессоры Хироки Сакаи, қазақ әдебиетін зерттеуші Микия Нишимура, жапон-қазақ сөздігінің аудармашысы және құрастырушысы Шигенобу Масуджима орындады.

Абай Құнанбайұлының жапон тіліндегі кітабы Жапонияның кітапханалары мен оқу орындарына, сондай-ақ елдің әр өңіріндегі ҚР Құрметті консулдықтарына таратылады.