Қазақстан мен Таиланд білім саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде

Қазақстан мен Таиланд білім саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде

Бангкок, 2025 жылғы 10 қаңтар – Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Арман Исетовтың Таммасат университетінің ректорының өкілі, профессор Пассапонг Срипичарнмен кездесуі өтті. Кездесуде Қазақстан мен Таиланд арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі студенттер алмасу болды. Қазіргі уақытта студенттер алмасу тәжірибесі бар, оның ішінде былтыр Таиландтан 7 студент Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алды. Бұл тәжірибе болашақта да жалғасады, бұл екі ел арасындағы білім беру байланыстарын нығайтуға және мәдени алмасуды тереңдетуге бағытталған.

Сонымен қатар, кездесуде бірлескен мәдени шараларды ұйымдастыру және Қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін тағылымдамалар өткізу мәселелері талқыланды. Бұл қадамдар екі ел арасындағы ғылыми және білім беру байланыстарын нығайтуға, сондай-ақ екі тараптың оқытушылық құрамының біліктілігін арттыруға маңызды қадам болады.

Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Арман Исетов осындай бастамалардың екіжақты қатынастарды дамыту үшін маңыздылығын атап өтіп, білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту Қазақстан мен Таиланд халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту үшін маңызды екенін айтты.

Таммасат университеті - Таиландтың ең көне және беделді жоғары оқу орындарының бірі. Университетте Таиландтың көптеген саяси және экономикалық көшбасшылары, оның ішінде премьер-министрлер, ұлттық банк басшылары және Жоғарғы сот судьялары білім алған. Университет бакалавриаттан бастап докторантураға дейінгі білім беру бағдарламаларын ұсынады және халықаралық ынтымақтастықты дамытуда, оның ішінде Ұлыбритания университеттерімен қос дипломды бағдарламаларды іске асыруда белсенді жұмыс атқарады.